Баспасөз шолуы. 02.11.2006 жыл

Сенбі күні жарық көрген басылымдарда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының нәтижелері сөз болады. Егер бір басылымда құрылыс нысандары көбейгені айтылса, енді бір газеттерде мемлекеттік бағдарлама аясында салынған пәтерлердің сапасы нашар екендігі сөз болады. Сондай-ақ "Ақ жол" партиясы төрағасы Әлихан Байменовтің Қазақстан президентімен кездесуі де қоғамда түрлі пікір тудырыпты
Былтырғы жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 9,4 пайызды құраған. Егер 2004-ші жылы ЖІӨ өсімінің 32 пайыздан астамын өнеркәсіп қамтамасыз етсе, былтыр оның үлесі екі есеге кеміп, 14 пайыз болды деп жазады «Панорама» апталығы Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовке сілтеме жасай отырып. Ал 2005-ші жылғы жалпы ішкі өнімнің өсіміне құрылыс саласы алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседен артық үлес қосқан. Жалпы құрылыс жұмыстар ауқымы 34,1 пайызға өскен.

«Егемен Қазақстан» газеті «Жаңа театр, жаңа үйлер» деген мақалада Қарағанды қаласында жаңадан берілген әлеуметтік тұрғын үйлер саны артқанын жазады. «Үкімет басшысына баян етілгендей, үстіміздегі жылы коммуналдық тұрғын үй құрылысына 127 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл деген тағы 100-деген отбасы баспаналы болады деген сөз. Мұның сыртында Қорғаныс министрлігінің өз күшімен салып жатқан үйлері бөлек. Үкімет басшысы мемлекеттік осынау қамқорлығына шексіз ризалықтарын білдірген қоныстанушыларға шат тұрмыс тіледі», - деп жазады «Егемен Қазақстан» тілшісі. Ал бұл кезде семейліктер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған пәтерлерді алуға асықпайды дейді «Экспресс К» газеті. Тұрғындарды қабылдауға берілген Семейдегі 9 жаңа үйдің тек 1-іне ғана кіруге тілек білдірушілер бар. «Семейліктер басанаға зәру емес деп ойлап қалуға боалды. Бірақ, коммуналды үйлерді алуға кезекке тұрағандар саны 2 жарым мыңнан асады. Бұл ресми дерек. Ал бір бөлмені немесе құлағалы тұрған жертөлені паналағандар қаншама?», - дейді газеті тілшісі. Журналистің зерттеуіне қарағанда, бұрын облыс орталығы болып, қазір үкімет назарынан тысқары қалған қаладағы көптеген отбасылардың кірісі ең төменгі деңгейге әрең жетеді. Екіншіден, пәтер үшін төленетін алғашқы он пайыз, яғни, 1,5-3 мың долларды кез-келген семейліктің қалтасы көтермейді,- дейді «Экспресс К» газеті.

Ал Астанада 6 үйдің құрылысы тоқтатылды деп хабарлайды «Айқын» басылымы. Себебі, Индустрия және сауда министрлігі олардың құрылыс-монтаж жұмыстарында ақау бар деп тапқан. Мемлекеттік комиссия тексеурінің нәтижесінде, 513 құрылыс компаниясына 7,5 миллион теңге айыпұл салынып, 6 іс сотқа жөнелтілген. «Жасыратыны жоқ, республиканың қай өңірінде болсын салынып жатқан үйлердің қарқыны кісі қызығарлықтай болғанымен оның сапасы көпшіліктің ойынан шыға бермейді», - деп қорытынды жасайды «Айқын» басылымы. Жалпы 2005-ші жылы тұрғын үй бағдарламасы бойынша 982 миллиард теңгеден астам ақшаға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бұл салаға 2 миллиардтан астам қаржы құйылған. 44 мыңға жуық пәтер пайдаланылуға берілсе, оның 3302-сі тұрмысы төмен жандарға арналаған дейді газет тілшісі.

Сонымен бірге «Айқын» газетінде саясаттанушы Дос Көшіммен жүргізілген сұқбат берілген. Онда ол елдегі бірқатар саяси оқиғалар жөнінде пікірін ортаға салады. Мәселен, «Ақ жол» партиясы төрағасы Әлихан Байменовтің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуін тілге тиек ете отырып, «саяси қарсыластардың кездесуі бұл сасяи мәдениеттілік» деп баға береді Дос Көшім. Бірақ «бұл оппозиция мен биліктің ымыраға келуі емес, саяси мәселелер жөнінде пікір бөлісуі», - дейді саясаттанушы. Ал «Новое поколение» газеті Әлихан Байменов бұған дейін бас тартып келген депутаттық мандатын пайдаланады дей келіп, «Отан» партияларының мүшелері, парламент депутаттары Тәңірберген Бердіоңғаров пен Серік Әбдірахмановтің пікірін келтіреді. Бердіоңғаров мұны «саяси тұрақсыздық» деп бағаласа, Әбдірахманов «билікпен тіл табысқан жеңілірек» деп жауап берген. Әйтсе де, екеуі де «егер «Ақ жол» партиясының лидері Парламентке бара қалса, үкіметті сынау позициясын ұсатанады» деген қортындыға келіпті. Ал Байменовтің өзі: «Саясатта тек догматиктердің ғана болашағы жоқ»,- деген жауап қайтарған.