«Алматының тарихи орталығын сақтау» қозғалысы құрылмақшы

Алматыда құлатылатын үйлерге қарсы кезекті қоғамдық ұйым – «Алматының тарихи орталығын сақтау» қозғалысы құрылатындығы мәлім болды. Бұл ұйымға кірген белгілі мәдениет, қоғам қайраткерлері қала орталығындағы 1930-шы жылдары салынған үйлердің тарихи маңызы бар екенін айтып, олардың алынып тасталуына өз наразылықтарын білдірді. Ал «Алматы-жер» кәсіпорнының өкілдері бұл үйлерді құлату туралы шешім әлі шықпағандығын алға тартады.
Жазушы Қалмұқан Исабаевтың Алматы қаласы Фурманов көшесіндегі 124-ші үйде тұрғанына 40 жылға жуық уақыт болыпты. Ол өзі тұратын үйдің құрылысы, сәулеті айрықша екендігін айтады:

- Үй кірпіштен салынған. Жертөлесінің қалыңдығы 1 метрден асады, ал бірінші қабат 1 кірпіш жұқа, келесі қабат тағы бір кірпіш жұқа. Осылай салынған үй 70 жыл ішінде бір мызғыған жоқ!

Жазушы тұратын 124-ші үйден өзге жаңа зәулім үй салатын құрылыс компанияларының назарына 118/128, 120-сыншы үйлер де іліккен. Бастамашылардың айтуынша, бұл үйлерде кезінде Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова, Бауыржан Момышұлы тұрған. Халық әртісі Бибігүл ТӨЛЕГОВА бұл үйлерді тарихи ғимараттар қатарына қосады:

- Тек қана осы жер Алматының исі де, Алматының түрі де! Бұл үйлер шынымен тарихи үйлер. Бұрынғыны жоғалтып, біз қазір қалай күн көреміз? Ертең немерелеміз сұрағанда не дейміз?..

Бірақ «Алматы-жер» мемлекеттік кәсіпорын директорының орынбасары Любовь БУРУМБАЕВА өздерінің Алматы қаласы тарихи маңызын анықтайтын жоба жасаған инситуттан хат алғандарын, ал онда қандай үйлердің тарихи ескерткіш болып табылатындығы көрсетілген деп отыр.

- Алматыдағы 89 үй тарихи-сәулет ескерткіші болып танылған. Аталмыш үйлер бұл тізімге кірмейді. Бірақ институт бұл үйлер қаланың 20-шы-30-шы жылдардағы тарихи-әлеуметтік, мәдени кезеңін көрсететіндіктен, оларды сақтау керек дейді. Бірақ біз ол үйлердің сақталуына жауап бермейміз. Егер ол үйлерді сақтаса, мен де разы болатын шығармын. Бірақ басқа шешім қабылданса... Тағы айтамын, «Алматы-жер» - тек орындаушы орган, - дейді «Алматы-жер» кәсіпорны директорының орынбасары Любовь Бурумбаева.

Алайда, жазушы Қалмұхан Исабаев өздеріне «Алматы-жер» мемлекеттік кәсіпорнынан қызметкерлер жиі келіп, мазаларын алып отырғандығын жеткізді:

- Бізге күнде қағазбен келеді! Тасмағамбетовтің атын айтып, қоқан-лоққы көрсетеді. «Алматы-жердің» Конституцияда да, мұрада да шаруалары жоқ!

Сондай-ақ бастамашылардың айтуынша, үйлердің подъездерінде «мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін алу бойынша дайындық жұмыстары туралы» деген хабарландырулар пайда болған. Ал жекеменшік «Темір плюс» құрылыс компаниясы Дінмұхаммед Қонаев тұрған үйдің қарсысында «Алматы-жермен» бірлескен ортақ офисін орналастырған. Алайда, «Алматы-жер» кәсіпорын басшылығы мұның бәрін жоққа шығарады. Любовь Бурумбаеваның айтуынша, «Алматы-жер» кәсіпорнының атын жамылып отырған жекеменшік құрылыс компаниясына да, егер нақты фактілер анықталса, тұрғындарға қысым көрсеткен «Алматы-жер» қызметкерлеріне де қатаң шара қолданылады.

Ал Алматы сәулетшілер одағының төрағасы Сергей Мартемьянов қала орталығының қаз-қалпында сақтаудың тарихи маңызы бар екенін айтады. Бұл ретте ол Париж бен Санкт-Петерборды мысалға келтіреді.

- Мен Парижде 1830-шы жылы қойылған сәкіде отырдым. Біз болсақ, жаңалық енгіземіз деп өзімізде бар қайталанбас, ұлы нәрселерден бас тартамыз. Керісінше қаламыздың тарихи ядросын сақатап қалуымыз керек! - дейді Сергей Мартемьянов.

Бұл орайда ол қаланың орталығын сақтау бойынша жобаларға арналған конкурс жариялауды ұсынады. Ал бастамашылардың өздері жұмыстарын жаңадан құрылған «Алматының тарихи орталығын сақтау» қозғалысы аясында жалғастырмақ.