Чернобыль апаты Совет Одағының құлдырауын тездетті

Чернобыль атом электростанциясы 1986 жылы сәуір айында жарылғаннан соң совет үкіметі алғашында ғаламдық апатты бүкіл әлемнен жасырмақ болды. Апаттың алдында бір жыл бұрын ғана Совет Одағының жаңа басшысы Михаил Горбачев жариялылық саясатын бастап еді. Бірақ Чернобыль апаты Совет Одағы әлем алдында ашық болуға әлі дайын емес екенін көрсетті. Чернобыль апатынан соң Совет Одағы да тезірек құлдырай бастады.
Совет халқы Чернобыль апаты жайында екі күннен кейін ғана хабардар етілді. Бұл уақытта радиоактивті шаң-тозаң Еуропа аспанында қалқып жүрген. Апат кіндігіндегі Припять қаласында жұрт ештеңені сезбей күнделікті тіршіліктерін жасап жүрген. Бірақ Чернобыль апаты Совет Одағына бәрі-бір үлкен саяси өзгеріс әкелді. Совет басшылары алғашында ескі сарынға салып, апат жайында ешкімнің ауызын ашқызбады, мәселені үнсіз жауап тастамақ болды. Бірақ Горбачев түптің-түбінде құпияны ашуды жөн көрді. Совет халқына теледидар арқылы құрғақ ақпарат беріле басталғанда совет үкіметі батыс елдері үкіметтеріне де қысқа-қысқа мәлімет айтты. Мәселен, Совет Одағының Британиядағы елшісі Леонид Замятин сол кездегі бас министр Маргарет Тэтчермен жолығып, апат жайында хабардар етті. Елші Замятин кездесуден шығып келе жатқанда британиялық журналистер оны қоршап алып, мынандай сұрақтарды қойған еді:

- Тэтчер ханұм апат жайында әлем қауымдастығына ертерек айтпадыңыздар деп көңілі қалып, айтқан болар?

Елші Замятин британиялық журналистің сауалына былай деп жауап қатты:

- Жоқ. Апат туралы бүгін таңертең Біріккен Патшалық үкіметіне ресми хабарлаған болатынбыз.

Бұдан соң басқа журналист былай деп сауал қойды:

- Британиядан көмек сұрадыңыздар ма?

Совет елшісі Замятин оған былай деп жауап қайтарды:

- Жалпы біз көмек сұрап отырған жоқпыз. Бірақ бас министр Британия тарапынан бізге көмек ұсынды.

Совет елшісінің осылайша қара терге түсуі - бүкіл Совет Одағының ұятқа қалуы болатын. Совет елінің өкілі бұқара алдында үлкен қателіктерін мойындауға мәжбүр болды. Дегенмен, Совет Одағы аса үлкен ынтасы болмаса да қателіктерін мойындауға дайын екенін көрсетті.

"Мәскеу Карнеги орталығы" шығаратын "Про енд контра" журналының бас редакторы Маша Липман Чернобыль апаты Горбачев үшін жолайрықта дұрыс бағыт таңдаумен пара-пар болды дейді. Чернобыль апатынан соң совет саясаты өзгерді, не Горбачевтың өзі, не бүкіл әлем қаншалықты үлкен таңдау жасалғанын сол кезде сезбей қалды, - дейді Маша Липман "Азаттық" радиосына берген сұхбатында. Совет Одағының қарамақайшы табиғаты Чернобыль апатынан соң Горбачевтың өзіне де анық болды, Чернобыль Горбачевтың саясатын бұрды деп беларустық сарапшы Светлана Алексеевич те айтып отыр. Светлана Алексеевич Чернобыль апаты туралы кітап жазған, кітап бірнеше тілге аударылған.

«Иә, алғашында совет басшылары ескі әдетке салып, төтенше жағдайдың шынайы салдарын мойындағылары келмеді, ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмеді. Совет үкіметі жиырмасыншы ғасырдағы ең үлкен апат орын алғанда не істерін білмей қалды, совет басшысы Горбачев Чернобыль апаты кезінде коммунистік жүйенің шарасыздығына көз жеткізді», - дейді Светлана Алексеевич "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Горбачев Чернобыль апатынан соң әлі біршама уақыт коммунистік сарында қызылкеңірдек сөйлеп жүрді. Бірақ ол замануи әлем шеңберінде Совет Одағының қаншалықты артта қалғанына көз жеткізді. Жариялылық саясатын дұрыс бастағанына Горбачевтың жеке сенімі өсе түсті. Совет Одағы Чернобыль апаты болмаса да ыдырауы мүмкін еді. Бірақ Чернобыль апаты Совет Одағының күйреуін жылдамдатқаны рас.