АҚШ үкіметі Хадита ауылында болған адам өлтіру оқиғасын тергеп, қортындысын жариялаймыз деді

АҚШ үкіметі америкалық сарбаздар былтыр Ирақтың Хадита ауылында 24 бейбіт тұрғынды атып тастапты деген мәліметтерді зерттеп, қортындысын жариялаймыз деді. Орын алды деген оқиға баспасөзде айтылған соң тергеле басталды. Бақылаушылар жаңадан басталып келе жатқан осы дау Америка Құрама Штаттарының абыройына нұқсан келтіруі мүмкін, Абу-Ғрайып түрмесінің дауынан кем болмайын деп тұр дейді. Ирақ үкіметі Хадита ауылында адам өлтіргендер жазалансын деп талап қойып отыр.
Хадита ауылы ел батысында, Әл-Анбар провинциясында орналасқан. Мұнда араб сүнниттерінің қарсыласуы аса қатты. Америкалық газеттердің жазуына қарағанда, былтыр 19 қарашада Хадита ауылында жол бойына қойылған минадан бір америкалық сарбаз қаза тауыпты. Бұдан кейін америкалық сарбаздар қатты ызаланды, Хадита ауылына мәшинемен келіп, қарулары жоқ бес ер азаматты өлтірді делінеді. Бұдан кейін америкалық сарбаздар үш үйге баса көктеп кіріп, 19 адамды атып тастады делінеді. Бұл адамдар – бейбіт тұрғындар, олардың еш қаруы болмаған. Үш үйде өлтірілген 19 адамның арасында ер азаматтар да болды, әйелдер де болды, кішкентай балалар да болды, бір баланың жасы тіпті үште болды деген мәлімет жарияланды.

Ең алғашқы мәлімет АҚШ-та шығатын "Таймс" апталық газетінде 10 ақпанда жарияланды. "Таймс" газеті наурыз айында тақырыпты жалғастырды, кеңірек мәлімет жариялады. Ирақ адам құқықтарын қорғау ұйымы наурыз айында бейнежазба жариялады, онда өлген адамдардың мәйіттері көрсетілді, оқиғаны көрді деген адамдар көрсетілді.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Фредерик Джонс "Таймс" газеті қойған сұрақтар Хадита ауылындағы оқиға жөнінде тергеу бастауға түрткі болды дейді. Ақ үй өкілі Тони Сноу тергеу жүріп жатыр, оқиға жайында және тергеу жайында президент Джордж Бушқа мәлемет берілді, тергеу қортындысы жарияланатын болады деп уәде айтты:

- Президент Буш өз кезегінде тиісті орындарға мүмкіндік беріп, тергеуді аяғына шейін жеткізуге міндетті қорғаныс министрлігі аясында жасалуға тиісті шараларды атқаруға жол ашты.

Айта кететін бір жайт, оқиғаға қатысы бар америкалық сарбаздардың басшылары, үш офицер сәуір айында қызметтерінен босатылған.

Дау осы аптада ушыға түсті. АҚШ конгресінің мүшесі, Ирақ соғысын қатты сынап келе жатқан Джон Мюрфей әскери басшылық Хадита ауылындағы жағдайды жасырып қалмақ болды деп айыптады. Тергеу оқиғадан кейін екі-үш апта ішінде жасалып, қортындысы жарияланып, айыптылар жауапқа дер кезінде тартылу керек еді, дейді Джон Мюрфей.

Ирақ үкіметі Хадита оқиғасы жайында алғашында тіс жармаған еді. Өткен аптада оқиға жайында егжей-тегжейлі мәлімет жарияланған соң Ирақ үкіметі қатаң талап қойды. Бас министр Нури Кәміл Әл-Мәлики айыптыларды жазалауға шақырды:

- Қате жасалып тұрады, бірақ мынау шектен шыққан жағдай. Қателердің ақылға сиятын шегі болады. Бірақ мына қателер шектен шығып, адам намысына қорлық әкеліп тұр, қан төгізіп тұр. Біз мұны бейкүнә адамдардың өмірлерін қорлау деп қабылдаймыз.

Мұның сыртында сүннит мұсылмандарының бір ұйымы Хадита ауылындағы адам өлтіру оқиғасын соғыс қылмысы деп танимыз, АҚШ әскери басшыларын жауапқа тарту керек деді.