Италия құрамасы футболдан Әлем Кубогына ие болды

Футболдан Әлем Кубогына ие болған Италия құрамасы үлкен жеңіспен бүгін өз еліне оралады. Кеше пенальти нәтижесінде Италия 5:3 есебімен Францияны жеңген болатын. Ал кейбір жанкүйерлер Франция командасының капитаны Зинедин Зиданға қызыл карточка берілгеніне еш сенгісі келмейді.
Берлинде Италия құрамасы футболдан Әлем Кубогына ие болған соң, бұл жеңіс Сицилиядан бастап Миланға дейін тойлануда. Италия кеше 11 метрлік 5 пенальтиден тебудің нәтижесінде 5:3 есебімен Францияны ұтты. Сөйтіп Италия құрамасы Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Римдегі жанкүйерлердің көңілі қуанышқа толы. Олар Италия туларын көтеріп алып, қала орталығында жеңісті тойлап жүр.

Ал Франция командасының капитаны Зинедин Зиданға қызыл карточка берілген соң оның жанкүйерлерінің көңіл-күйі түсіп кетті. Зидан Италия ойыншысы Марко Матерацинің кеудесіне басымен беріп қалған соң, ойыннан шығарылған болатын. Сөйтіп 108 халықаралық матчқа қатысып, 38 голды соққан Зиданның карьерасы осылайша аяқталып отыр. Бірақ бұған қарамастан, спорт журналистері “Зизу” деп аталып кеткен Зидан осы чемпионаттың ең мықты ойыншысы болды деп отыр. Ал оның туған қаласы Марсельдегі жанкүйерлер үшін Зидан ұлттық қаһарман болып қалады. Мына бір жергілікті тұрғын өз сезімін былай жеткізді:

“Біз бәріміз ержетсек те, өзімізді Зиданның балаларымыз деп есептейміз. Ол біз үшін футболдың әкесі болып қала береді. Оған біз табыс тілейміз”.

Футболдан Әлем чемпионатының финалдық ойынына байланысты Израиль премьер-министрі Ехуд Ольмерт былай деп мәлімдеді:

“Пенальтиден тебу нәтижесінде итальян ойыншылары мені таң қалдырды. Италияның Әлем Кубогындағы бұрынғы ойындарымен салыстырғанда, олардың бұл жолғы пенальтиден тебуі өте жақсы болды. Ал Зиданның Матерациді баспен соғуы ойындағы өте қайғылы сәт болды деп ойлаймын”.

Италия командасынан басқа бұл ойындарда Әлем чемпионатын өз елінде өткізген Германия да үшінші орынға ие болып, үлкен жеңіске қол жеткізді. Ал келесі Футболдан Әлем чемпионаты, енді Оңтүстік Африкада 2010-шы жылы өтетін болды.