Өзбекстандық адам құқығын қорғаушысын Алматы полициясы әлі ұстап отыр

Алматыда осыдан екі апта бұрын полицейлер қамауға алған өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Әбдіжәлел Бойматов Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау мекемесінен Алматы қалалық көші-қон полициясы қарамағына ауыстырылмақшы. Дүйсенбі күні бұл туралы «Азаттық» радиосына Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына қарасты уақытша ұстау мекемесінен хабарлады. Полицейлердің айтуынша, өз елінде қуғын-сүргін көрген өзбекстандық адам құқығын қорғаушының ендігі тағдырын Алматы көші-қон полицейлері шешеді.
- Мен қайда жүрсем де Өзбекстан халқы үшін, ата-бабам үшін, елімнің бірлігі мен азаттығы үшін күресемін!

Былтырғы жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовті сынап, қуғын-сүргінге ұшыраған өзбекстандық журналист әрі ақын Ризахожда Обидов өз еліне деген махаббатын осылайша білдірген болатын. 2005-ші жылы желтоқсан айында уақытша Қазақстанда тұрақтаған ол кейін БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы миссиясының көмегімен Еуропадан саяси пана табуға мүмкіндік алды. Ризахожда Обидов бүгінде Голландияны паналаса, өзбек ақыны Мұхаммед Салих Норвегиядан, өзбек жазушысы Хазратқұл Худойберді Швециядан, өзбек жазушысы Сафар Бекжан Швейцариядан сая тапқан. Ал өзбекстандық адам құқығын қорғаушы әрі ғалым Әбдіжәлел Бойматовтың Еуропаға аттана алмай, Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция бөлімшесінде кідіргеніне екі аптаға жуық уақыт болды.

Тамыздың 3-і күні кешқұрым өзбекстандық адам құқығын қорғаушылар Толиб Якубов пен осы ұйымның қызметкері Әбдіжалел Бойматовті құжаттары толық емес деп, қазақстандық полицейлер ұстаған еді. Олар Якубовті босатып, Бойматовты мекен-жайлары анықталмағандарды ұстайтын уақытша қамау мекемесіне отырғызды.

Тамыздың 14-күні «Азаттық» тілшісімен әңгімеде Өзбекстанның адам құқығын қорғау қоғамының төрағасы Талиб ЯКУБОВ өзінің серігі Бойматовпен соңғы рет бірер күн бұрын жүздескенін айтты.

- Оның сонда жатқанына 12 күндей болып қалды. Мен оны көргенімде сақал-мұрты өсіп кетіпті. Қырынып, тазалануға рұқсат бермейді екен. Оған қоса Бойматов қатты суық тигізіп алғандықтан, сырқаттанып қалыпты, - деді Өзбекстанның адам құқығын қорғау қоғамының төрағасы Талиб ЯКУБОВ.

Алматы қаласы Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына қарасты уақытша қамау мекемесінің қызметкері, капитан Ораз САРИН дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Әбдіжәлел Бойматовтың құжаттары анықталғанын, енді оны көші-қон полиция қарамағына жөнелтетінін айтты:

- Жағдайы жақсы. Оның бір жерлесі төлқұжатын әкелді. Енді бүгін көші-қон полициясы алып кетуі мүмкін. Бізде негізінен құжаттары жоқ адамдар қамалады. Аудандық прокурордың санкциясымен. Бізге 30 күнге жабады. Сол уақыт аралағында ол анықталуы керек. Бұл кісі анықталды, құжаттары әкелінді. Ендігі шешімді көші-қон полициясы қабылдайды.

Оның пікірінше, көші-қон полицейлері өзбекстандық саяси босқынды бостандыққа шығаруы да, басқа шаралар қабылдауы да мүмкін:

- Мүмкін жібереді. Бәлкім, басқа да шаралар қабылдауы мүмкін. Бірақ, егер ол босқын болса, оның өз жағына қайтарылуы мүмкін емес.

Ал Өзбекстанның адам құқығын қорғау қоғамының төрағасы Талиб ЯКУБОВ болса Қазақстандағы билік орындарының өзбекстандық босқындарға қатысты саясаты бірізді емес екендігін айтады:

- Діни сенім-нанымы бойынша қуғындалған 9 өзбекстандықты былтыр Қазақстан сол елге кері қайтарғаны мәлім. Қазір оларға қатысты Өзбекстанда сот ісі жүруде. Онан кейін өзбекстандық босқын Темірбаевты да елге қайтару қаупі туған. Бойматов болса, өмірін адам құқығын қорғауға арнаған танымал құқық қорғаушы. Ал адам құқығын қорғаушыларды Өзбекстанның билік орындары жақтырмайды. Бізді ашықтан-ашық «халық жаулары» атайды. Сондықтан, Бойматовты елге қайтарса, оны Өзбекстан полицейлері тұтқындайды. Бірақ, адам құқығын қорғаушыны Қазақстан көзді жұмып, Өзбекстанның билік орындарына бере салады деп ойламаймын, - дейді Толиб Якубов.

Бұған дейін хаблағанымыздай, Өзбекстанның заң орындарынан қашып, шілденің 31-інен бері Қазақстанды паналап жүрген Толиб Якубов саяси пана іздеп Францияға, ал Әбдіжәлел Бойматов Ирландияға жарты жылдық адам құқығын қорғаушылардың оқуына баруы тиіс болатын.