Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына 2009 жылы төрағалық етуге лайық па?

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на 2009-шы жылы төрағалық ету мүмкіндігі желтоқсанның 4-5 күндері Брюссельде өтетін ЕҚЫҰ-на мүше елдердің сыртқы істер министрлері Кеңесінде қаралғалы отыр. Алайда, осы жиынның қарсаңында үкіметтік емес халықаралық "Freedom House" ұйымы Қазақстанның бұл өтініші қабылданбауы керектігі жөнінде мәлімдеме таратты. Бұл халықаралық ұйымның азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі рейтингісінде Қазақстан төменгі орын алады. Ал Қазақстандағы басқа халықаралық, қазақстандық сарапшылар не дейді?
«Қазақстан еуропалық демократиялық идеалдарды бедерлейтін ұйымды басқаруға дайын емес», деп жазылған адам құқығы бойынша халықаралық үкіметтік емес "Freedom House" ұйымының қарашаның 27-сі күні таратқан мәлімдемесінде. «Қазақстанда бірлі-жарым кемшіліктер ғана емес, баспасөз еркіндігі, соттың тәуелсіздігі, сайлау процесі тәрізді демократиялық ел құруға қажетті талаптардың жүйелі түрде орындалмауы байқалады», деген "Freedom House" ұйымының атқарушы директоры Дженифор Виндзор. Сондықтан, "Freedom House" ұйымы бұл жолы ресми Астанаға ЕҚЫҰ-ның тізгінін беруді дұрыс деп санамайды. Дегенмен, Қазақстанды бұл халықаралық ұйымға төрағалық ету мүмкіндігінен айыру оның халықаралық талаптарға жауап беру мүмкіндігінен қоса алыстатады деп есептейді Қазақстандағы халықаралық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының директоры Евгений Жовтис.

- Қазақстанның төрағалық етпеуі оның төраға болуынан да жаман. Өйткені, меніңше, бұл ұйымға төрағалық ету Қазақстанды қалай да болғанда еуропалық жүйеге тартуға мүмкіндік туғызады. Сонымен бірге бұл, ЕҚЫҰ-на мүше демократиялық батыс елдерінің Орталық Азия елдерінде, оның ішінде, мәселен, Түркіменстан, Өзбекстанда болып жатқан жағдайларға көбірек жауапкершілікпен қарауға шақырады, - деп есептейді адам құқығын қорғаушы Е.Жовтис.

"Freedom House" ұйымының соңғы жылдық есебінде Қазақстанға саяси құқықтар үшін - 6, азаматтық еркіндіктер үшін - 5 деген баға берілген. Бұл ұйымының ең төменгі индексі 7 екені ескеріліп, Қазақстанды халықаралық ұйым «еркін емес ел» деп бағалаған. Бұл есепте Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының еркін еместігі көрсетіліп, өкімет орындарының тәуелсіз ақпарат құралдарын бірнеше мәрте қудалап, жауып тастағаны айтылған. Оған қоса Қазақстанда «БАҚ туралы» заңға үкіметтің сөз бостандығын шектейтін өзгерістер енгізуі де Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мүмкіндігіне зиянын тигізді деп есептейді Қазақстандағы «Әділ сөз» қоғамдық ұйымының төрайымы Тамара Калеева.

- Біз ұмтылып отырған ЕҚЫҰ-ның өзі заңға енгізілген бұл өзгерістер демократиялық принциптерге қайшы екендігін айтқан. Оған қоса Еуропаның көптеген елдері, Еуропалық Одақ бұл заңға қатысты сыни пікір білдірген. Сондықтан, біздің ойымызша, бұл заңға енгізілген түзетулер Қазақстанның төрағалық етуіне шынайы зиянын тигізіп, теріс ықпал етті, - дейді сөз бостандығын қорғаушы Т.Калеева.

Ал Қазақстан Парламентінің депутаты, заңгер Нұртай Сабильянов Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне қатысты айтылған сыни пікірлер - кейбір қоғамдық ұйымдардың жекелеген позициясы ғана деп есептейді:

- Жаңағы айтылған сөз бостандығы, адамдардың құқықтары шектеледі дегенге онша келісе қоймаймын. Өйткені, заң, Конституция бар. Сол арқылы адамдардың құқықтары қорғалады. Сондықтан, бір-екі адамның немесе бір-екі үкіметтік емес ұйымның айтқанына бола бүкіл Қазақстанда жағдай сондай деген пікір қалыптаспауы керек. Шындығында нағыз демократия бізде болып жатыр! Оны алдыңғы сайлау да, қазіргі жағдай да көрсетіп отыр. Сол себептен, бұл мәселені сөз бостандығына немесе адам құқығына әкеп тіреудің қажет жоқ!

Жалпы, бүгінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету ниетіне қатысты қоғамдық ұйымдардың арасында ғана емес, дауыс беруге құқылы ұйымға мүше батыс елдері арасында да пікір екіге жарылған дейді, халықаралық тәуекелді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев.

- Бірінші лагерь – оптимистер. Оған Германияны және Қазақстанның төрағалық етуі постсоветтік елдердегі демократиялық процестердің жедел жүруіне септігін тигізеді деп есептейтін еуропалық мемлекеттерді жатқызуға болады. Екінші топ – скептиктер. Бұл топтың ең көрнекті өкілдері – АҚШ пен Ұлыбритания. Олар Қазақстанның 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне біржақты қарсы. Бұл елдер Қазақстан әлі төрағалық ету деңгейіне жеткен жоқ, елдегі билік саяси реформалар жасауға аса ынталы емес деп есептейді. Жалпы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету үшін барлық дерлік мүше-елдердің мақұлдауы қажет. Ал қазір Қазақстанның бастамасын тек кейбір еуропалық елдер мен көптеген постсоветтік мемлекеттердің қостап отырғанын ескерсек, оның төрағалық ету мүмкіндігі өте аз, - дейді саясаттанушы Д.Сәтпаев.

Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мүмкіндігі қаралатын ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы желтоқсан айының 4-5 күндері Брюссельде өтеді.