Саддам Хусейннің өліміне қазақстандықтардың пікірі

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейннің өліміне қазақстандықтар әр түрлі баға беріп отыр. Біреулері, өз халқымен қатар көршілес халықтардың да тыныштығын алған билеушіге өлім жазасының бұйырғаны дұрыс болды десе, екіншілері Саддам Хусейнге өте қатал үкім шығарылды дейді. Қазақстанда мұнан басқа да әр түрлі пікірлер айтылуда.
Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов Саддам Хусейннің көптеген кінәлары болғанымен, оны өз халқы жазалауы керек еді деп есептейді. Ол бұл шара сыртқы күштердің әсерімен болды дей келіп, мынадай көзқарас білдіреді.

- Дәл қазір мәселе Саддам Хусейннің өзінде емес. Ол өлді. Ал Ирак халқына тыныштық керек. Мұның арты ұзаққа жалғасатын қақтығыстарға апарары сөзсіз. Мүмкін, бұл қақтығыс сол әділеттіліктің атын жамылғандарға керек болған шығар? Меніңше, дарға аспай-ақ, бас бостандығынан айырып қана қойған дұрыс болар еді, - дейді депутат.

Қазақстандағы орыс, казак және славян ұйымының төрағасы Юрий Захаров өлім жазасының дәл мұсылмандар үшін қасиетті мейрамдардың бірі болып есептелетін Құрбан-айттың қарсаңында орындалуы тегін емес, сыртқы күштер әдейі барша мұсылмандардың намысына тиіп, өркениеттер қақтығысын қоздырып отыр дейді.

- Адамдардың дінін, мәдениетін аяққа таптаудан еш жақсылық шықпайды. Оккупациялық әскердің келуімен, мұнда өлім-жітім өсіп кетті. Керек десеңіз, бір дінді ұстайтындардың өздері бірін-бірі қырып салуға дайын. Қазір Ирак халқы Хусейн билеген кезден әлдеқайда нашар жағдайда өмір сүруде. Сондай-ақ, Иракты бөлшектеу әрекеті де жүріп жатыр. Ешқандай да демократия туралы сөз қозғауға болмайды мұнда. Алаңсыз террор мен бассыздық. Мен бұны әділ жаза емес, диктаторды жазалау арқылы басқа елдерді қорқыту әрекеті деп бағалар едім, - дейді Юрий Захаров.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, жақын уақытта бірнеше диктаторлардың қатарынан қайтыс болуы, әлемде демократиялық процестердің тезірек жүруіне игі әсер етеді деп есептейді. Ал Саддам Хусейннің өлімі, оның осы күнге дейінгі істеген жауыздық әрекеттерінің өтеуі болды дейді ол.

- Жартылай коммунист Саддам Хусейннің өлгені дұрыс болды. Өйткені әділеттілік орнамаса, қоғам да, мораль да алдыға жылжымайды. Саддам Хусейннің жүйесі жартылай коммунистік жүйе болды, онда ешқандай да исламдық келбет болған жоқ. Ол көршілес елдердің берекесін кетіріп, араб әлемін шырылдатқан адам болды. Мысалы, бауырлас күрді халқын қырса, Кувейтті басып алып, тонады, - дейді Әзімбай Ғали.

20 жылдай араб елдерінде елшілікте қызмет атқарған, 1984 жылы Бағдад қаласында Саддам Хусейннің қабылдауында болып, онымен сөйлескен қазақстандық саясаткер Болатхан Тайжан Ирактың бұрынғы билеушісіне тарихи баға беру әлі ерте деп есептейді. Ол Саддам Хусейн тұсында Ирак тек соғыстар жүргізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар басқа елдермен достық байланыстар да орната алды дей келіп, оның 1984 жылы Бағдадта өткен халықаралық көрмеде қазақ халқымен де ерекше жақынырақ таныса алғандығын айтады.

- Саддам Хусейн Қазақстаннан келген делегацияны қабылдағанда, сондай әдемі ілтипат білдірді. Бағдадта ұйымдастырылған біздің көрмемізге Хусейннің көмекшісі күнде келіп-кетіп тұрды. Ол кезде қазақтардың мұсылман екендігі еш жерде айтылмайтын. Ал олар болса, керісінше «қазақтар мұсылман» деп, сол кезде бізге жылы сезімдерін білдіріп жүрді, - дейді Болатхан Тайжан.

Ирактың бұрынғы президенті 30 желтоқсан күні Ирак уақыты бойынша таңертеңгі сағат 6-да Бағдадта құпия түрде дарға асылған болатын. Жоғары Ирак трибуналы Саддам Хусейнді өлім жазасына беру жайындағы үкімді 2006 жылдың 5 қарашасында шығарған еді. Оған 1982 жылы Иракта шииттер тұратын Ад-Дуджейль ауылының адамдарын қырды деген айып тағылған.