Алматыда із-түссіз жоғалған банкирдің зайыбы бұл іске президенттің үлкен күйеу баласының қатысы бар деп мәлімдеді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА
Алматыда 5-ақпан күні «Нұрбанк» төрағасының 1-ші орынбасары Жолдас Теміралиевтың зайыбы Армангүл Қапашева өз күйеуін осы банк акционерлерінің бірі болып табылатын Рахат Әлиевтің адамдары белгісіз жерде еркінен тыс ұстап отыр деген мәлімдеме жасады. Армангүлдің айтуынша, Жолдас Теміралиев 31-қаңтар күні банктың жаңа басшылығымен және Рахат Әлиевпен кездесуге кеткеннен соң үйіне қайтып оралмаған.
Армангүл Қапашеваның айтуынша, 18-қаңтар күні банк акционерлерінің кеңейтілген отырысы өтеді және оған осы банк акционерлерінің бірі болып табылатын Рахат Әлиев те қатысқан. Сол күні банктың басқарма төрағасы болып істеген Әбілмәжін Ғылымов өзінің орынбасары Жолдас Теміралиевке, Әлиевтің нұсқауымен Киевке іссапарға бару керектігін айтып, сол мақсатта олар сол күні кешкісін кездеседі. Алайда, Теміралиевтың зайыбы Армангүлдің айтуынша, Ғылымов пен Теміралиевті әуежайға апармақшы болған автокөлік оларды қала маңындағы жеке моншаға апарыпты. Ол жайлы Армангүлге 19-қаңтарда үйіне оралған жұбайы өз басынан кешіргеннін айтып беріпті.

«Түні бойы ол кісендеулі ұйқысыз өткізіпті және оны оқтын-оқтын Рахат Әлиевтің өзі ұрып-соғып, тапанша кезеп, «Кең Дала» бизнес орталығы ғимаратын оның айтқан адамдарына сатуын талап етіп, осыған септігі тиеді деген Темірәлиевтің таныс адамдарына телефон шалдырумен болыпты», - деді Армангүл.

Содан, 22-қаңтарда «Кең Дала» бизнес орталығы жаңа иелеріне сатылады. Ал Темірәлиев пен Ғылымов өз еріктерімен банк қызметінен кету туралы арыз жазыпты. Айта кетер жайт, «Нұрбанк» кеңсесі осы «Кең Дала» бизнес орталығының 9-шы қабатында орналасқан.

Ал 31-қаңтар күні Темірәлиев «Нұрбанктың» жаңа басшыларымен және Рахат Әлиевпен кездесуге кетеді. Бірақ кездесуге барар алдында ол зайыбына өзіне әрбір екі сағат сайын телефон шалып, хабар беріп тұру туралы келісіп, егер алда-жалда Темірәлиев байланысқа шықпай қалатындай болса, оған дабыл қағып, іздеу жариялауды тапсырады. Сөйтіп ол, Армангүлдің айтуынша, 31-қаңтар күні аталмыш кездесуге кетеді де содан бері үйіне оралмапты. Сол күні жұбайымен байланыса алмаған Армангүл оның тағдырына алаңдап, Алматы қаласының Медеу аудандық ішкі істер бөліміне өз жұбайын «Нұрбанк» кеңсесінде еркінен тыс ұстап отырғаны туралы шағымданады. Алайда ол шағымды қандай заңның негізінде екені белгісіз, қаржы полициясы аудандық ішкі істер бөлімінде тіркетпей қояды. Сондықтан, Армангүл осы аудандық ішкі істер бөліміндегі танысы, бастықтың орынбасары Нұрлан Самалиховқа өтініш білдіріп, мән-жайды түсіндіреді және енді жұбайының қарындасы екеуі болып тағы да арыз жазады.

Бұдан кейін оқиға шытырман фильмдегі тәрізді өрбиді. Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тобының 5 қызметкері «Нұрбанк» кеңсесіне келіп, Темірәлиевты іздемек болған кезде оларды банктің ішкі күзетінің арнайы жасақ күштері қарусыздандырады. Оқиға бұлайша шұғыл өрбіген соң Армангүл жексенбі, ақпанның 4-күні, интернет басылымдар арқылы президенттің атына мәлімдеме хатын жариялап, одан жәрдем сұрайды.

Бұл оқиғаға байланысты өткен аптада билікке жақын ақпарат көздері «Нұрбанк» кеңсесіне шабуыл жасамақ болған Медеу аудандық ішкі істер қызметкерлерінің тұтқындалғаны туралы хабар таратқан болатын. Ал кейбір расталмаған мәліметтер бойынша, қазір Медеу аудандық ішкі істер бөлімшесінің жедел әрекет топ басшылары қамауға алынып, ондаған қызметкерлері өз еркімен жұмыстан кетуге шағым бергені айтылып отыр.

Сондай-ақ, Армангүл 4-ақпан күні түнде жұбайының қалалық телефонмен өзімен байланысқа шыққанын айтады.

«Оның даусы біртүрлі, біреу мәжбүрлеп сөйлетіп тұрғандай естілді. Он екі жыл танимын ғой, оның көңіл-күйін білемін. Ол өзіне қаржы полициясы үлкен мөлшердегі қаржыны жымқырды деген айып тағып отырғаны себепті өзінің қашып кеткенін айтты. Бірақ мен оның адал екенін және ешқайда да, ешқашан қашып кетпейтініне сенемін», - деді Армангүл дүйсенбі күні Алматыдағы өз үйінде баспасөз өкілдерін арнайы жинап өткізген брифингте.

Бұл оқиғаға байланысты баспасөздің сауалдарға Р.Әлиевтің өкілдері де, Алматыдағы ресми орындар да әзірге ешқандай жауап бермей отыр. Ақпанның 5-күні Астанада Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов бұл жайында журналистердің қойған сұрағына мынадай қысқаша түсініктеме айтты:

«Біз ресми түрде бұл жайлы ешқандай ақпарат таратпадық. Себебі, біз осы фактілер бойынша ақпарат дайындау барысындамыз. Ақпарат қалай дайын болады біз сіздерді міндетті түрде шақырып оны жариялаймыз».

Рахат Әлиев – Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның күйеуі. Рахат Әлиев экс-премьер Даниал Ахметовтың үкіметінде сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Бұған дейін, Интернетте жарияланған кейбір ақпараттарда, «Нұрбанк» акцияларының бір бөлігін Әлиевтер отбасы бақылайтыны жазылған-ды. Ал биылғы қаңтар айының 15-інде банк акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен 22-жастағы Нұрәлі Рахатұлы Әлиев «Нұрбанк» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің мүшесі болып енгені туралы хабар болған еді.