«Қазақтелекомның» 98410 данадан тұратын акциялар пакеті наурыздың 21 күні биржада сатылмақ

Наурыздың 21-і күні Алматы қаласы қаржы орталығының аймақтық алаңында "Қазақтелеком" ұлттық компаниясының 98410 данадан тұратын иелік акциялар пакеті саудаға шығарылғалы отыр. Бұл туралы жұма күні Қазақстанның ұлттық компаниялары кіретін "Самұрық" холдингі хабарлады. Компания басшылығының айтуынша, мұндай шаралар Қазақстанның қор базарын жандандырып қана қоймайды, акцияларға қарапайым халықтың иелік етуіне жол ашады. Алайда, кейбір тәуелсіз сарапшылар бұған күмән келтіреді.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының иелік акцияларының зейнетақы қорларына сатылуы – бұған дейін жүргізілген акицялардың халық арасында сатылуынан кейін қолға алынып отырған шара екендігін айтты «Самұрық» холдингінің атқарушы директоры Бейбіт Ахабаев:

«Біз бүгін акциялар сату мерзімін жариялағымыз келеді: бұл – 2007 жылдың 21-ші наурызы. Сатылуға «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Самұрыққа» тиесілі 98410 данадан тұратын акциялары сатылады. Сатып алуға тек Қазақстан Республикасының зейнетақы қорлары ғана қатыса алады. Жалпы, акцияларды сатудағы түпкі мақсат – олар тікелей немесе жанама түрде тұрғындарға тиесілі болу».

«Самұрық» холдингінің акцияларын биржада «Ресми ивестмент Хауз Алматы» компаниясы сататын болады. Мемлекеттің үлесі бар компаниялардағы акцияларды сату Қазақстандағы қор базарын жандандырады деп есептейді «Ресми ивестмент Хауз Алматы» компаниясының қызметкері Ерболат Елешов:

«Бірінші мақсаты – қор нарығын дамыту. Екіншісі – акция дегеніміз ол – тауар, соны әділ бағаға сату».

Ал егер республикада қор базарына серпіліс беріп, ақшаны құнды қағаздарға салушылар қатары өссе, тұрғын үй бағасы төмендейді деп санайды мамандар. Оған қоса құнды қағаздар сатып алу кез-келген қарапайым азамат үшін тиімді екендігін айтады Алматы қаласы аймақтық қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Нұрпейісов:

«Өйткені, халықта қазір ақша бар. Олар оны қайда саларын білмейді. Жерге, пәтерлерге салып жатыр. Содан, бір жағынан, олардың бағасы да өсуде. Егер адамдар ақшаны құнды қағаздарға салса, олардың бағасы түседі. «Қазақтелекомның» бағалы қағаздары сатылған кезде оның алғашқы бағасы 29-30 мың теңге болған. Бір айдан соң 50 мың теңгеге шықты. Егер халық алғашқы бағамен сол кезде бағалы қағаздарды сатып алса, қараңызшы, бір айдың ішінде қанша пайда табады?!»

Дегенмен, «Қоғамдық мәселелерді сараптау» орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаев бұл акциялардың халыққа тиетіндігі күмәнді деген пікірді ұстанып отыр.

«Ұлттық компанияларымыздың акцияларын ішкі базарға, яғни, қор биржасына қоюын қолдауға болады. Себебі, қазір зейнетақы қорлары ақшаны қайда саларын білмей отыр. Акцияларды халықтың сатып алуына келсек, түсініксіз көп жәйттар бар. Мысалы, акциялар қаржы алаңқайында сатылады, Яғни, сатып алушыға брокер немесе дилер керек. Яки, өзінің шоты бар банк арқылы жүзеге асырылады. Ал қазіргі халықтың көбінің табысы акциялар сатып алуға мүмкіндік бермейді. Себебі, елдегі орташа жалақы 40 мың теңгеден әрең асса, жалдамалы жұмыс істейтін 3 миллион адамның жалақысы 20-25 мың теңге», - дейді эконмист Қанат Берентаев.

Наурыздың 21-і күні биржа арқылы сатылғалы отырған «Қазақтелекомның» бір акциясының нарықтың бағасы 50 мың теңге. 98410 дана акциялар пакеті жалпы акциялар пакетінің 1 пайыздан аздау бөлігін құрайды. Бірақ, одан қомақты қаржы түседі дейді «Самқұрық» холдигінің атқарушы директоры Бейбіт Ахабаев:

«Бұл – 40 миллион доллар болуы мүмкін. Көбі Қазақстанға саламыз. Бұл ақша - электр жүйесі, Балқаш ЖЭС тәрізді халыққа тиімді жобаларға салынады».

Былтырғы жылы қазан айының 17-сі күні Қазақстан үкіметі елдің ішкі базарында «Самұрық» холдингіне тиесілі «Қазақтелекомның» 4,6 пайыз акциясын сатуға шешім шығарған болатын. Президент жарлығымен қаңтар айында құрылған «Самұрық» компаниясына «Қазақтелекомнан» өзге «Қазпошта», «Қазмұнайгаз», «КЕГОК», «Қазақстан темір жолы» сияқты ірі ұлттық компаниялардың мемлекеттік үлесі тиесілі.