Қазақстан парламенті жаңа еңбек кодексін қабылдады

Көкектің 25 күні Қазақстан парламенті Еңбек кодексін жаңадан қабылдап, президентке қол қоюға жіберді. Қазақстан парламентінің кейбір депутаттары бұл құжат жұмыс беруші мен жұмысшылардың мүддеcін теңестіруге бағытталған десе, қоғамдық ұйым өкілдері еңбекшілердің құқығын қорғайтын кәсіподақтар мәселесі бұл заң жобасында сол күйі дұрыс шешімін тапқан жоқ деп есептейді.
Алматыдағы американдық фармацевтикалық фирманың маркетинг бөлімінде 5 жыл қатарынан істеп келе жатқан Айгүл Шакенова шетелдік кәсіпорындар сырттан келетін және жергілікті мамандармен келісім-шарттар жасағанда көбіне-көп қазақстандық мамандарға қатысты әділетсіздіктерге барады деп есептейді:

- Біздің компанияда шетелдік мамандарға көп жеңілдіктер қарастырылған. Бізде еңбек жалақысы 500 доллар болса, олар біздің шамалауымызша, кемінде 3-4 есе артық алады. Бірақ, жергілікті мамандардың кәсіби деңгейі төмен немесе аз жұмыс істейді деп айту қиын.

- Сіздер кәсіподаққа арызданып көрдіңіздер ме?

- Кәсіподақ - формальды ұйым. Олар жұмысшылардан гөрі, жұмыс берушіні көбірек қорғайды.

Сәрсенбі күні парламент қабылдаған Еңбек кодексі енді жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы алшақтықты жоюға, олардың мүдделерін теңестіруге бағытталған дейді Парламент депутаты, бұрынғы Еңбек министрі Әлихан Байменов:

- Бұл құжаттың басты ерекшелігі – кәсіподақтардың, келіссөз үдерістерінің еңбеккерлердің құқығын қорғаудағы рөлін едәуір көтеріп отыр. Көптеген ұсыныстар енді. Мысалы, ұжымдық келісім-шарттардың пәрменділігін көтеру арқылы олар қарастыратын кейбір сұрақтарды міндетті түрде қаралатын сұрақтар қатарына енгізу. Мысалы, бір кәсіпорында бір лауазымда, бір мамандықта істейтін мамандардың жоғарғы және төмен жалақылар арасындағы айырмашылықты кәсіподақпен жұмыс беруші келісім-шартта көрсетуі керек болды. Бұл шетелдік жұмысшылар жұмыс жасайтын, олар біздің жұмысшылардан тым көп алатын кәсіпорындар үшін өзекті.

Алайда, Қазақстанның Еңбек конфедерациясының басшысы, парламент депутаты Серік Әбдірахманов Еңбек кодексіне көңілі толмайтынын айтады. Оның пікірінше, еңбеккерлер құқығын қорғауды көздейтін ұсыныстар заңға енбей қалған:

Кәсіподақтардың жұмысын жақсартып, олардың құзырын кеңейтпейінше, қатардағы еңбеккерлердің жағдайы ешқашан жақсармайды дейді Алматы монополияға қарсы қоғамдық комитеттің төрағасы Петр Своик.

- Қазақстанның еңбек кодексі либералды принциптерге құрылған. Яғни, адамдар өздері қаласа, кәсіподақ құрады, ал қажет етпесе, ұйымдастырмайды. Бұл - бізге жарамайды. Менің ойымша, кәсіподақтар әр кәсіпорында болуы керек және оны міндеттеп, заңдастырған жөн. Мемлекет оларды қолдап қана қоймай, кәсіподақтарды және жұмыс берушіге тәуелсіз болатындай жекелеген кәсіподақ қызметкерлерін қаржыландыруға қатысуы керек. Сол кезде ғана жалдамалы қызметкерлердің құқығын қорғау туралы айтуға болады. Мұндай жағдай болмаса, экономикамыз дами беруі мүмкін, бірақ жұмыс істейтіндердің әл-ауқаты соған сәйкес жылдам көтерілуі күмәнді, - дейді Петр Своик.

Бұрын хабарланғандай, Еңбек кодексі жобасы еңбек базарының тұрақты қызмет етуін, тараптардың мүддесіндегі тепе-теңдіктің болуын көздеп әзірленген. Онда азаматтардың толық емес жұмыс істеу құқығын жүзеге асыру қарастырылған, жұмысынан айырылған жағдайда өтемақы төлеу жөнінде, сағаттық жұмыс істеу бойынша нормалар енгізілген. Сондай-ақ, жаңа Еңбек Кодексі жұмыс берушінің де, жұмысшының да келісім-шартқа жаңа шарттар енгізу мүмкіндігін бекіткен.