Баспасөзге шолу. 06.13.2007 жыл

Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі депутат Дариға Назарбаева бұрынғы елші Рахат Әлиевпен ажырасу үшін сотқа өтініш бергендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, тағы бір газет Рахат Әлиевтің құдасы Берік Имашев қауіпсіздік кеңесі қызметінен өз еркімен кеткен деген ақпаратты жоққа шығарса, бірқатар басылымдар Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудағы міндеттерін орындамағандығына тоқталып өтіпті.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ел президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева өзінің күйеуі Рахат Әлиевпен ажырасу туралы арызды енді ғана өткізгендігі жөнінде «Время» газетінде баяндалыпты. «Сейсенбі күні кешкісін, сенімді дерек көздері арқылы, Дариға Назарбаеваның ажырасуға қажетті құжаттарын жаңадан өткізгені белгілі болды» делінген мақалада. «Әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитетінің қызметкері Зайда Нұрабаеваның айтуынша, судьяның некені бұзу туралы шешімі 10-15 күннің ішінде күшіне енуі тиіс. Неке бір жақтың өтінішінің негізінде бұзылуы мүмкін дейді ол. Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің үш баласы бар: 22-жастағы Нұрәлі, 17-жастағы Айсұлтан және жеті жастағы Венера, сонымен қатар Лаура есімді төрт жастағы немересі бар» деп жазды «Время» газеті.

Дариға мен Рахат ажыраса ма деген сұраққа «Айқын» газеті де жауап іздепті. «Маусымның 12-күні ақпарат агенттіктері Дариға Назарбаеваның Рахат Әлиевпен ажырасқаны туралы ақпарат таратты. Қазақстанда үстінен қылмыстық іс қозғалған Рахат Әлиев қазір Венада. Ол заңды некесінің бұзылғаны туралы мәтінді маусымның 11-күні факс арқылы алғанын, бірақ ондағы қолтаңбаның өзінікі емес екендігін айтуда» делінген мақалада. «Жалпы, бұл екі саясаткер Қазақстанның саясатында белгілі, беделді тұлғалар. Сондықтан бізді олардың болашағы қандай негізде түйінделеді, саяси мансаптарына отбасылық мәселелері кері әсерін тигізбей ме деген сауалдар мазалайды. Оған жауап алу үшін саясаттанушыларға хабарласқан едік» дей келе, мақала авторы бірнеше саясаттанушының пікірін келтірген: «Саясаттанушы Сейдақмет Құттықадамның пікірінше, осындай жағдайлардан кейін Дариғаға үлкен саясатқа араласуы үшін кемінде 4-5 жыл керек шығар». Ал саясаттанушы Дос Көшім болса бұл отбасылық мәселе екендігін алға тартып, «сондықтан оның Қазақстан саясатына әсер етуі екіталай» депті «Айқын» газеті тілшісінің сауалына.

Бұл уақытта бұрынғы елші Рахат Әлиевтің құдасы Берік Имашев ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы қызметінен кетпегендігі туралы ақпаратты «Литер» газеті таратып отыр. «Өз еркімен жұмыстан кетіпті» деген сөз жалған болып шықты: қазіргі таңда Берік Имашев сол қызметін атқарып отыр» делінген мақалада. «Берік Имашев өзін жұмыстан босату туралы өтініш жазбаған және ондай ойы да жоқ. Сондай-ақ, ол осы қызметін жалғастыра бермек» деп жазды «Литер» газеті. Сонымен қатар, мақала авторы Берік Имашев осы жылғы қаңтарда қауіпсіздік кеңесінің төрағалық қызметіне мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қаулысымен тағайындалғандығын еске салып отыр. «Оның жұмыстан босауы» туралы жалған ақпараттың екі жері ғана шындыққа жанасады: Берік Имашевтің шын мәнінде Рахат Әлиевпен туыстығы бар екендігі мен оның жасы қазір 47-де екендігі ғана» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Айқын» газеті болса Астананың дәл іргесінде орыс әскері тұрғандығын, олардың онда не істеп жатқанынан Қазақстанның Үкімет басшысы бейхабар екендігі туралы жазып отыр. «Маусымның 12-күнгі Үкімет отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары – Бас штаб басшысы Мұхтар Алтынбаев осындай сенсациялық мәлімдеме жасады. Бір ғажабы, Үкімет басшысы Астананың жанында ресейлік әскери бөлім орналасқандығынан да бейхабар болып шықты. Күні бүгінге дейін Кәрім Мәсімовті тиісті органдардың ешқайсысы бұл жайынан құлақтандырмаған екен» делінген мақалада. «Астананың түбінде қазір ресейлік бөлім тұр, көптен бері. Бұл бөлімнің мақсаты - ғарыш нысандарын биссектриса бойынша ұшырудың салдарларын жою болатын. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда, жерге құлаған зымыран бөлшектерін жинап алу және бүлінген жерді қалпына келтіру үшін келген. Демек, олар нақты сондай жұмыспен айналысуға тиіс еді. Бірақ, осы бөлім біздің тарапымыздан қадағалаусыз қалып отыр. Әлгілердің қызметі неге бақылауға алынбайды деген сауалды Мұхтар Алтынбаев қойды. Бұл сауал Үкімет басшысын әжептәуір абыржытып тастады» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Бұл уақытта Ресей зымырандары Байқоңыр ғарыш айлағынан Қазақстанның бақылауынсыз ұшырылып келгендігі туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Екі ел арасындағы келісім бойынша Ресей «Протон» зымыранын бір мәрте ғана Қазақстанмен келіспей ұшыра алады. Алайда бір мәртенің арты көп мәртеге ұласып барады» делінген мақалада. «ҚР ұлттық аэроғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың айтуынша, мұндай ұшырылымдар бірнеше мәрте өткізілген. Енді бұл мәселеге дипломаттар араласатын болады. Алайда, осы жылғы шілде айына жоспарланған «Протонды» ұшыруға тиым салынбады» деп жазды «Время» газеті.