Баспасөзге шолу. 08.02.2007 жыл

Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар тележүргізуші Анастасия Новикованың белгісіз себептермен жоғалып кетуіне қатысты тың мәліметтер келтіріпті. Сонымен қатар, газеттер «сотқа прокурор мас болып келді» деп жазған журналисті сотқа тартпақшы екендігіне мән берсе, тағы бір басылым Қазақстандағы тұтынушылар бала өнімдерін дайындаушы «Нестле» компаниясын сотқа бергелі жатғандығына тоқталып өтіпті.
«Время» газеті бұрынғы жүргізушісі Анастасия Новикова қайда деген сұраққа жауап іздеуін жалғастыруда. «Анастасияның іс-түссіз жоғалып кеткендігін Қазақстанның ішкі істер министрлігі де растады. Тағы бір дерек көздері оны іздестіру туралы арызды Анастасияның Өзбекстандағы туған-туыстары берген. Ал бұрынғы тележүргізушінің туған ағасы Владимир Новиков редакцияға келіп, біздің сұрақтарымызға жауап берді» делінген мақалада. «Анастасияның ағасы редакция қабырғасында ілініп тұрған қазақстандық саясаткерлердің суреттерінің бірін нұсқап, суреттегі азаматты бірнеше мәрте көргендігін айтты» деп жазды «Время» газеті. Ал қазір Анастасия қайда болуы мүмкін деген сұраққа Владимир Новиков былайша жауап берген: «Настя қазір Венада немесе Бейрутте шығар деп үміттенеміз. Бірақ қолымызда нақты ақпарат жоқ. Алайда Настя өзінің хатында жаңағы қалаларды бірнеше мәрте атаған». Сонымен қатар, ол Анастасия шетелде жүргенде Луиза есімді қызды дүниеге әкелгендігін айтады. «Бірақ Настя баланың әкесі кім екендігін құпия сақтайтын» депті Владимир Новиков «Время» газетіне берген сұхбатында.

«Литер» газеті болса «Шаңырақ» ісі бойынша сотта мемлекеттік айыптаушы болып келген прокурор Бауыржан Оспанов осы процестегі қоғамдық қорғаушы Жасарал Қуанышәлинді сотқа бермек екендігі туралы жазыпты. «Қоғамдық қорғаушы әрі журналист Қуанышәлин «Жас Алаш» және «Тасжарған» газеттеріне прокурор Бауыржан Оспановтың сотқа мас болып келгендігі туралы жазған. Алайда сот сараптамасы прокурордың алкоголдік ішімдікті пайдаланбағандығын дәлелдеді» делінген мақалада. «Қазіргі күні Бауыржан Оспанов «Шаңыраққа» қатысты сот процесінен шеттетілді. Бірақ, ішімдік пайдаланған деген күдікпен емес, артығырақ сөйлегені үшін істен босатылды. – Мен өз кінәмді мойындаймын, сол себепті де мені жазалады. Бірақ сотқа «мас болып келіпті» деген жаланы кешіре алмаймын» депті Бауыржан Оспанов «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта «Время» газеті Қарағандыда «Хизб ут-Тахрир» халықаралық діни ұйымның өкілдерінің үстінен сот процесі басталғандығына мән беріп отыр. «Бұл іске 30 қазақстандық айыпталушы ретінде қатысуда» делінген мақалада. «Қарағанды облысында «Хизб ут-Тахрир» ұйымының соңғы технологиямен жабдықталған астыртын типографиясы ашылған. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері өткен жылы бұл жайтты анықтаған. – Тергеу жұмыстарының барысында сөз болып отырған ұйымның Қазақстанның басқа да аймақтарындағы өкілдеріне шығуға мүмкіндік алдық, - дейді комитеттің облыстық департаментінің басшысы Қайрат Құдайбергенов. «Хизб ут-Тахрир» ұйымының өкілдеріне Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр. Сот процесі жабық жағдайда өтеді» деп жазды «Время» газеті.

Ал «Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса Қазақстанның тұтынушылар лигасы «Нестле» компаниясымен соттаспақшы екендігі туралы жазыпты. «Тұтынушылар лигасының президенті Светлана Савченко бұған дейін де сөз болып отырған компанияның өнімдерінде генетикалық модификацияланған өнімдер бар екендігін мәселе етіп көтерген болатын» делінген мақалада. «Осы жылғы наурыз айында қазақстандықтардың өтінішімен ресейлік ғалымдар «Нестле» балалар тағамының құрамын зерттеген. Тексеру барысында тауардың құрамында генетикалық өзгертілген өнім бар екендігі анықталған. Осы мәліметке сүйене отырып, Қазақстандағы сауда нүктелерінен бұл өнімді алып тастауға болар еді. Бірақ тауардың сатылуы тоқтатылған жоқ. Енді тұтынушылар қауымдастығы бұл мәселені сот арқылы шешпек. Олар соттан «Нестле» компаниясы барлық тауарларын сауда нүктелерінен қайтарып алып, тұтынушылардың тауарға төлеген ақшасын өтеп беруін талап етуді жоспарлап отыр» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.