Баспасөзге шолу. 08.01.2007 жыл

Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар ВИЧ инфекциясының жаппай таралуына қатысты іс қайта қаралмайтындығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Қазақстанда мүлікті заңдастыру акциясының аяқталғандығына тоқталса, тағы бір басылым қара базарда есірткі бағасы бірнеше есеге қымбаттағандығына мән беріп отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай ВИЧ инфекциясының таралу оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі күшінде қалдырылғаны туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Шілденің 31-күні Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Әл-Фараби аудандық сотының маусымның 27-күні шығарған үкіміне шағымдар қарала бастады» делінген мақалада. «Бұл іс бойынша облыстық сотқа 20 шағым түскен. Біріншілері айыпты деп танылғандарды ақтауын сұраса, екіншілері – облыстық департаменттің және медициналық қызмет сапасына бақылау жөніндегі комитеттің басшыларына шығарылған үкімді қатайтуын талап еткен. Ең алдымен сот істі қайта тексеруге жіберу мәселесін қарады. Осы мазмұндағы талапқа прокурор қарсы шықты. Сот істі қайта қараудың қажеті жоқ деп шешті» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Айқын» газеті болса құрылыс компаниясына алданып қалған Алматы тұрғындары аштық акциясын бастағандығына мән беріп өтіпті. «Шілденің 31-күні Алматыдағы Шевченко мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы 1 қабатты үйдің маңына күтпеген жерден 50 шақты тұрғын жиналып, әп-сәтте шағын шатырларын тігіп, үн-түнсіз бүк түсіп жатып алды. Сөйтсек, олар «Алматыинвестстрой» компаниясы салған үйден жаңа пәтер аламыз деген үмітпен жылдар бойы жиған-тергендерін аталмыш компанияға өткізіп, алданып, санын соғып қалған тұрғындар болып шықты» делінген мақалада. «Жаңа пәтерге қоныстануды армандап, 2004 жылы «Алматыинвестстройға» 89 мың АҚШ долларын өз қолымен санап берген Махмуд Смағұловтың айтуынша, аталған компания пәтер алу үшін үлеске кіргендердің есебінен 8 миллион АҚШ долларын «қылғытқан» да қыңқ етпестен жүре берген. Сондықтан да аштық жариялауға мәжбүр болыпты. Қас қарайған сәтте аштық жариялаушыларға келген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Яков Заяц бүл мәселенің оңды шешілетінін, қазірдің өзінде инвестор болуға ұйғарған 2 компаниямен жан-жақты келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Бұл уақытта мүлікті заңдастыру акциясы аяқталғандығына «Комсомольская правда: Казахстан» газеті. «Акция барысында республика бойынша 644 миллиард теңгенің мүлкі заңдастырылды» делінген мақалада. «Сондай-ақ 18 миллиард теңге шамасындағы құнды қағаз, 6 миллиард теңгеден астам – шетелдегі жылжымайтын мүлік, шамамен 4 жарым миллиард теңге – көлік заңдастырылған. Акция барысында мүлікті заңдастыруға қатысты 503 мыңнан астам өтініш түскен. Соның 500 мыңнан астамы қабылданған» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Время» газеті болса Қазақстан мен Ресей заңсыз айналымдағы есірткімен күрес жөніндегі келісімге отырғандығына мән беріп өтіпті. «Ішкі істер вице-министрі Алик Шпекбаевтың айтуынша, екі елдің күштері кең ауқымды арнайы операция бастады» делінген мақалада. «Осы жылғы шілденің басында 280 мың гектарға жуық есірткі алаңы өртелгендігіне қарамастан, Шу аймағында осындай затты дайындаушылар көп. Ал егістік өртелгеннен кейін есірткінің бағасы бірнеше есеге өскен. Мәселен, өткен жылы 20 келі есірткі 500 теңгеге сатылған болса, биылғы жылы мұндай көлемдегі есірткі қара базарда 3-4 мың түрады. Сол себепті оңай байығысы келетіндер көбейген» деп түйіндейді «Время» газеті.