Баспасөзге шолу. 09.13.2007 жыл

«Нұр-банк» төңірегіндегі жағдайға республикалық газеттердің бейсенбілік санында жарық көрген бірнеше мақала арналады. Олардың бірінде жоғалып кеткен банкирлердің бірі Жолдас Темірәлиевтің ата-анасының Қазақстанның Бас прокурорына жазған хаты жарияланса, енді бір мақалада «Нұр банктің» бұрынғы басқарама бастығы Әбілмәжін Ғылымов «жоғалған банкирлер тірі болуы мүмкін» деген ойын айтады. Сонымен бірге 31 телеарнасының 20 пайыз акциясының ресейлік «СТС-медиа» компаниясына сатылуы қазақ басылымдарында түрлі пікірлер туғызыпты.
«Время» газетінде із-түзсіз жоғалып кеткен «Нұр банк» басшыларының бірі Жолдас Темірәлиевтің ата-аналарының Қазақстанның Бас прокурорына жазған ашық хаты жарияланған. Онда Галина және Гапар Темірәлиевтер өздерінің ұлдарына жала жабылып, жөнсіз халықаралық іздеу жарияландығын айтады. Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі «Рахат Әлиевтің қылмыстық тобы үлкен көлемдегі ұрлық және алаяқтықпен айналысты. Енді басты қылмыскерлер елден қашып, енді Австрияда, қазақстандықтардан тартып алынған ақшаға тыныш күн көруде», - деп жазған ерлі-зайыпты Темірәлиевтер. Хаттың соңында олар ұлдары Жолдас Темірәлиевтен әлі жөн-жосықсыз айыптардың алынып тасталмағанын, ал абройынан айырылған қаржы полициясының өз жұмысын жалғастыруда екендігін айтады. «Біз сізден тезірек осы істің мән-жайын анықтап, ұлымыздан барлық айыптарды алып тастап, жұртшылықты содан хабардар етуіңізді сұраймыз», - деп аяқталады Жолдас Темірәлиевтің ата-анасының Бас прокурорға жазған хаты «Время» газетінде.

Осы газетте сонымен бірге «Нұр банктің» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғылымовтың сұқбаты жарияланған. Онда ол Жолдас Темірәлиевтің қаңтардың 31-і күні банкке бармауына кеңес бергенін, бірақ оның өзін тыңдамай, ақыры жапа шеккенін айтады. Сондай-ақ Әбілмәжін Ғылымов, өзінің бұрынғы әріптестері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің тірі екендігіне сенетіндігін білдіреді.

«Жас алаш» газеті Әбілмәжін Ғылымовтың жақын туысқаны деп айтылып жүрген Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке қарсы қысым басталған болуы керек деген болжам жасайды. Оның бір себебі ретінде тілші: «Нұр банктегі» шатақпен басталып, күйеу баланы отбасынан аластап, Дариға Назарбаеваны уақытша тасаға жіберген президент, енді даудың бел ортасында болған, Ғылымов бостандыққа шыққалы бері моральдық тұрғыда жеңіске жеткен Тасмағамбетовтің айылын тартып қоюды жөн деп тапқандығы», - деп көрсетеді. «Олай болса, болашақта Ақорданың еркінен тыс «еркелікке» барған кез келген шенеунік осылай «жазаланады», - дейді «Жас алаш». Газеттің мәліметтеріне қарағанда, пр езидент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен үкіметте Алматыдағы құрылыс жұмыстарына қатысты жұмыс тобы құрылған. «Құрамына үкіметтің белді мүшелерімен қоса, прокуратруа өкілі кірген комиссияға Тасмағамбетовтің мәселесін «май шаммен» қарау тапсырылған болуы керек», - дейді газет тілшісі.

Айтқандай-ақ, «Казахстанская правда» газеті үкімет басшысының Алматыда және қала маңында құрылыс нысандарының заңсыз салынуы алматылықтардың наразылығын тудырғанын айтып, бұл ретте үкіметте арнайы жұмысшы тобының құрылғандығын хабарлағынын жазады. Газеттің мәліметтеріне қарағанда, жұмысшы тобын премьер-министрдің өзі басқарып, бұл мәселе Қауіпсіздік кеңесінде қаралмақ.

«Литер» газеті үкімет комиссиясының Алматыда жұмысын бастап кеткендігіне тоқталады. Мақалада вице-премьер Өмірзақ Шүкеевтің «кім қашан және неге Медеу, Бутаковка, Кіші және Үлкен Алматы өзендері аумағында үйлер салуға рұқсат етті деген мәселе бойынша президенттің арнайы тапсырма бергендігін жариялағаны» айтылған. Алайда, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Яков Зайцев қала сыртындағы шұрайлы жерлерге рұқсат ондаған жыл бұрын берілгенін, соңғы 5 жылда Медеу мен Бутаковкадан ешқандай жер учаскесін алуға рұқсат етілмегінін жеткізіпті. Әкімшілік қызметкерінің өздерінің де «заңсыз құрылыс салушыларымен күресетінін, бірақ соттың әрдайым оларды жақтап, шешім шығара бермейтінін» тілге тиек еткендігі баяндалады «Литер» газетінде.

«Түркістан» мен «Айқын» газеттері қазақстандық 31-ні телеарнаның «СТС-медиа» компаниясына сатылуын талдайды. Ресейлік медиаалпауыттың телеарнаны сатып алуы арқылы 31 телеарна «шетелдік инвесторға бас билігін беріп қана қойған жоқ, басқаларға да терезе ашып берді» деп есептейді «Түркістан» газеті.

«Айқын» газеті «СТС жорыққа жалғыз шықпапты» деген мақалада осы ойды жалғастыра отырып, Қазақстан медиа-рыногынан 1999 жылы кетуге мәжбүр болған ресейлік «Видео интернейншл» тобының қайта келгенін хабарлайды. Газетте келтірілген деректерге қарағанда, бұл компанияның Қазақстандағы бизнесіне кезінде Рахат Әлиев кедергі келтіріп, тартып алған. «Айқын» газеті ақпараттық экспансияға төтеп беру тұрғысынан қазақстандық БАҚ-дары әлсіз екендігін тілге етеді. «Қазақстан заңдары бойынша шетелдік компания арналардың ықпалы, рентрансяциясы 20 пайыздық межеден аспауы керек, ал СТС-тың 31 телеаранда «экономикалық мүдде тұрғысынан 60 пайыздық құқыққа ие болуы» көкейге қонбайды дейді «Айқын» газетінің тілшісі.