Баспасөзге шолу. 10.26.2007 жыл

Жұма күні жарияланған кейбір республикалық басылымдарда Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің жаңа сұқбаттары жарияланады. Онда ол "Нұрбанк" ісі бойынша оқиғалардың қалай болғандығы туралы өз көзқарасын білдіріп, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын тапсырыспен кім өлтірткенін білетіндігін мәлімдейді. Сонымен бірге Қазақстандағы маман тапшылығы белең алғандығы бірден бірнеше басылымда талқыланады.
«Республика» газеті Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен көлемді сұқбат жариялапты. Онда Әлиев «Нұрбанк» ісіне қатысты өзінің пікірін білдірген. Әлиевтің айтуынша, «Нұрбанк» басшылары Әбілмәжін Ғилымов пен Жолдас Темірәлиевті қинау-азаптау болмаған, тек бейбіт келісімдер өткен. Олардың арасындағы келіспеушілікке банкирлердің банк орналасқан ғимаратты белгісіз бір компаниядан бірнеше миллионға жалға алу туралы уағдаластық жасаулары болуы негіз болған. «Бұл менеджерлердің банктен өз бизнестерін қаржыландыру үшін ақша алғанын оңай аңғаруға болатын. Соның салдарынан кірісті банк емес, олардың жекеменшік компаниясы көрді. Мен оларға банк бұл ғимараттан кетеді немесе оны сатып алады дедім», - дейді Рахат Әлиев «Республика» газетінде «Нұрбанк» ісі жөнінде. Ол қаңтардың 22-сінен кейін Ғилымов және Темірәлиевпен телефон арқылы байланыса алмағанын, Темірәлиевті соңғы рет қаңтардың 31-і күні банкте көргенін, оның темекі шегуге шығып кетіп, ұшты-күйлі жоғалып кеткенін баяндайды. Рахат Әлиев банк менеджерлері қаржы полициясында оларға қарсы қылмыстық іс қозғалғандықтан, қорқып қашып кетті деп есептейді. Рахат Әлиев сонымен бірге «Республика» газетінде оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі бойынша бір жыл бойы өз бетінше тергеу жұмысын жүргізгенін, оның нәтижесін жақын уақытта жариялайтындығын айтыпты.

Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірген адамдарды білетіндігі туралы ақпаратты Рахат Әлиев «Inkar.info» интернет-радиосына берген сұқбатында да растайды. «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді ұйымдастырған адамдардың бірі Ресейдің криминалды құрылымдарына маған қатысты лаңкестік әрекет жасауға тапсырыс бергендігі туралы Ресейден ақпарат алдым», - дейді Рахат Әлиев осы сұқбатта. Әрі қарай ол бұл адам – Парламент сенатының бұрынғы спикері Нұртай Әбіқаев екендігін тілге тиек етіп, «оппозиция лидері Сәрсенбайұлына қатысты тапсырыспен жасалған мемлекеттік лаңкестік әрекеттің егжей-тегжейін ашу бойынша айтарым бар», - дейді.

Бұл уақытта Рахат Әлиевке бұрын тиесілі болған басылымдардың бірі – «Караван» газеті «Бәрі керек» деген мақалада қазіргі таңда «елдегі ең үлкен тапшылық - кадр тапшылығы» екендігін жазыпты. Мақала авторының зерттеулеріне қарағанда, «Қазақстанға білікті мамандар қазір қажет және ертең де қажет болады». Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, болашақта мемлекет ауылшаруашылығының мамандарына зәру болады. «Қазақстан экономикасына тән бір кереғарлық - әлемде өнеркәсіп мамандарына сұраныс азайса, мұнда керісінше, құрылысшылар, дихандар, металлургтер, ұсташылар саны арта түседі», деп есептейді «Караван» газетінің тілшісі. Оның мәліметтеріне қарағанда, қазірдің өзінде 8,7 мың өнеркәсіпте, 7,4 мың құрылыс саласында бос жұмыс орны бар. Мақала авторы сонымен бірге еңбек базарында қаржыгерлерге деген сұраныс азайғанын баяндайды. Оның айтуынша, соңғы уақытта бірқатар банктер өз қызметкерлерін ақшасы төленбейтін демалыстарға жіберген. «Караван» газетінде өз пікірін білдірген білім саласының мамандары қаржыгерлерге деген сұраныс жоғарғы оқу орындары дайындайтын мамандар санымен үйлеспейтіндігін тілге тиек етіпті.

«Түркістан» газетінде Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов 10 жыл ішінде экономика, құқық саласындағы оқу орындарына орынсыз лицензия беріліп келгендігіне тоқталады. Ал соңғы уақытта республиканың жоғарғы оқу орындарын тексеру нәтижесінже 33 оқу орнының есігіне қара құлып салынып, 20-шақтысы бірігуге шешім қабылдаған. «Бір сорақысы сол - базбір оқу орындарының күндізгі бөлімінің өзінде небары 25 студент оқып келген. Көп оқу орындарында оқытушы жеткіліксіз. Мәселен, бір оқу орынында 500-1000 студент оқыса, оқытушының саны әрі кетсе, 50- ден 110-ға жетеді», - дейді Рахман Алшанов «Түркістан» газетінде.

Оқытушылардың ғана емес, журналистердің де жетіспейтіндігі «Литер» газетінде сөз болады. «Жыл сайын журналист дипломын 20 шақты жоғары оқу орнының студенттері алады. Соған қарамастан, барлық БАҚ-да кадр тапшылығы байқалады», - деп жазады «Литер» газетінің тілшісі.

Ал «Жас алаш» газеті «Өкіметке дәрігердің қажеті жоқ па?» деген тақырыппен академик Камал Ормантаевпен сұқбатты жариялапты. Оның айтуынша, дәрігерлерді Қазақстанда 7 жоғары оқу орны дайындайды. Соған қарамастан «кадріміз қалмады ма деймін», әсіресе «ауылда қазір дәрігер тапшы. Ауылға барып жұмыс істеуге жастардың құлқы болмай тұр. Халықтың тең жарымына жуығы тұратын ауылда дәрігерлер аз. Жол нашар, санавиация жұмыс істемейді. Осының кесірінен талай адам ажалынан бұрын өліп жатыр», - дейді академик Камал Ормантаев «Жас алаш» газетіндегі сұхбатында.