Өзбекстан: Жоғары жұмыссыздық деңгейіне қарамастан, ресми сауалнама өзбек жастары үкіметтің саясатына “қанағаттанарлық” дейді

Ресми сауалнама нәтижесіне қарағанда, “Өзбекстан жастарының 80 пайызы өз өмірлеріне және елдің саяси, экономикалық жүйелеріне қанағаттанарлы”. Бірақ көптеген өзбек жастары мен батыс елдерінің сарапшылары ресми сауалнаманың нәтижесін “күлкілі” деп атап, оны жоққа шығарды.
21-жастағы Асқар Мамадалиев Өзбекстанның Сурхандария обылысында дүниеге келген. Қазір ол Ресейде жұмыс істеп жүрген мыңдаған өзбек азаматының бірі болып табылады. Өзбекстанда жұмыс табылмағандықтан және отбасына жәрдем беру үшін ол Ресейге барған екен.

“Ресейде жұмыс істеуден басқа ылажымыз жоқ. Маңдайымызға жазылған екен, енді осында жұмыс істеп жүрміз”, - дейді Мамадалиев.

Мамадалиевке ұқсаған ондаған мың Өзбек азаматы жұмыс табамыз деп басқа елдерде жүр. Бірақ бұған қарамастан, мемлекет тарапынан жүргізілген ресми сауалнама нәтижесінде өз болашақтары мен жұмыс табу мүмкіндіктеріне және әлеуметтік қорғау жағынан өзбек жастарының көбі қанағаттанушылық танытты делінеді.

Бұл сауалнаманы Өзбекстанның Қоғамдық пікір жөніндегі орталығы жүргізіпті. Оған сәйкес, жастардың көбі елдің саяси және экономикалық жүйелеріне қолдау білдіріпті.

Бірақ “Азаттық” радиосының өзбек қызметіне сұхбат берген өзбек жастары ресми сауалнама нәтижесін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, бұл желтоқсанның 23-де өтетін сайлау алдында әдейі жүргізіліп отырған үкіметтің үгіт-насихаты боп табылады. Қазір Түркиядағы университетте оқып жүрген өзбек азаматы Мухиддин Абдурасулов мынадай пікірін білдірді:

“Біріншіден, Қоғамдық пікір жөніндегі орталық Өзбекстан үкіметіне байланысты ұйым болып табылады. Осы орталық тарапынан жүргізілген кез келген сауалнамалар халықты шатастыруға бағытталған. Екіншіден, “Өзбекстан жастарының 80 пайызы өз өмірлеріне өте қанағаттанарлы” деген сауалнама нәтижесі – тым күлкілі”.

Жалпы Өзбекстанда жұмыссыздық мәселесі кең таралған проблемалардың бірі деп есептеледі. Бірақ бұл проблеманы Өзбекстан билігі мойындағысы келмейді. Ресми мәліметтерге қарағанда, бұл елде жұмыссыздық деңгейі шамамен 3 процент делінеді. Алайда, тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың айтуынша, Өзбекстандағы жұмыссыздық деңгейі 30-50 пайызға жетеді. Бұл мәліметті Дүниежүзілік Банк те растап отыр.

Жұмыссыздық проблемасына байланысты мыңдаған өзбек жастары жұмыс іздеу үшін Ресей мен Қазақстанға тіпті Тәжікстанға барады, дейді Абдурасулов.

Өзбектердің көбі кей ауылдарда жастар қалмаған, олар тек қыста ғана бірнеше аптаға еліне оралады дейді.

Әндіжан тұрғыны 18-жастағы Орифжон Ахмедов шетелде нан пісіруші болып жұмыс істейді. Ол өзінің болашағына байланысты нақты ешқандай жоспары жоқ екенін айтады.

“Өз жағдайыма байланысты мен мектепті бітіре алмадым. 6-шы сыныптан кейін мектепті тастап кетуге мәжбүр болдым. Өмір қиын болғандықтан оқығың да келмейді. Бұдан 5-10 жыл бұрын, Өзбекстанда өмір сүру сәл жеңілдеу еді. Бізден үлкендер үшін өмір жақсырақ болатын, ал қазір өте қиын болып кетті”, - дейді Ахмедов.

Ал Абдурасуловтың пікірінше, Өзбекстанда жастар үшін мүмкіндіктер өте көп емес, бірақ өте білімді жастар қиын болса да жоғары оқу орындарына түсе алады. Алайда олардың саны өте аз, дейді Абдурасулов.

“Қиыншылықтарға қарамастан, білімі бар жастардың жоғары оқу орындарына кіруіне мүмкіндік бар екенін мойындауымыз керек. Жақсы, беделді университеттерде ақша мен таныстар маңызды роль атқарады. Алайда жоғары оқу орындарына өз білімімен түскен өте ақылды жастар да жоқ емес”, - дейді Абдурасулов.

Халықаралық Дағдарыс Тобының Орталық Азия бойынша директоры Пол Куин-Джаджтың атап көрсетуінше, Өзбекстан сияқты елдерде жүргізілген ресми сауалнамаларға өте үлкен мұқияттылықпен қарау керек.

“Бұл бірнеше факторға байланысты. Адамдар шындығын айтуға қорқады. Бұл - қауіпсіздік құрылымын әбден дамытқан режим болып табылады”, - дейді Куин-Джадж.

Куин-Джаджтың айтуынша, Өзбекстанда үкіметтің саясатына байланысты немесе халықтың әл-ауқатына қатысты адамдардан пікір сұралса, олардың көбі ашық түрде үкіметті сынауға қорқады, себебі кейін оның ауыр салдары болуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, үкіметті сынаған адамдар ұсталуы немесе тіпті түрмеге жабылуы да мүмкін, дейді Куин-Джадж.