Журналистерді сот залына кіргізбеді

Медеу аудандық прокуратурасы Posit.kz интернет басылымына ұлтаралық араздықты тұтатты деген айып тағып, 3 ай мерзімге дейін редакцияның шығармашылық жұмысын тоқтату жөнінде Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағым түсірген болатын. Прокуратура интернеттегі жарыққа шыққан белгілі бір авторлардың материалдары үшін емес, солардың тұсына жазылған оқырмандардың жазған пікірлеріне бола арызданып отыр.
Posit.kz интернет басылымы 23 мамырдан бері ашылмай тұр. Сайт жұмысының тоқтап қалуына нақты қандай себептердің де әсер еткені белгісіз. Сайт жұмысы тоқтап қалған алғашқы кезде оны «Қазақтелеком» арқылы интернетке жалғанғандар ғана пайдалана алмаса, қазір бұл сайт мүлдем ашылмай тұр.

Жұма күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында осыған байланысты сот процесі өтті. Сағат 3-ке белгіленген сот отырысы тура бір сағатқа кешігіп басталды. Оның себебін заң өкілдері ешкімге түсіндірген жоқ. Соттың қалай өтетіндігін бақылауға келген журналистерді де ішке кіргізбеді.

Әуелде сот қызметкерлері бір ғана журналист кірсін, қалғандары судьяның рұқсатын күтеді деп айтты. Журналистердің мұның заңға томпақ келетіндігін түсіндіруге тырысқан әрекеттерінен еш нәтиже шықпай, олардың қойған талабына келісуден басқа амалы қалмады.

Сөйтіп, сот залына кіре алмай тұрғандардың атынан тәуелсіз журналист Айгүл Омарова барып, мән-жәйды біліп қайтты. Оның айтуынша, осы процеске төрағалық етіп отырған судья Елібаев "бұл іс ұлтаралық араздықты қоздыруға байланысты болғандықтан, оған журналистердің қатысуына рұқсат жоқ" деген шешім шығарыпты.

Ал судья мұндай шешімді қандай заңға немесе қандай ережеге сүйеніп шығарғаны туралы да ешкімге түсіндірмеді.

Posit.kz интернет басылымының журналисі Евгений Рахымжановтан осы жағдайдың қалай басталғаны туралы түсіндіріп беруді сұрағанымызда, ол былай деді:

- Біздің басылымда ұлтаралық араздықты қоздыратын материалдар жарыққа шыққан емес. Өздеріңіз білесіздер, сайт қызметін пайдаланатындар жарияланған мақалаға байланысты түрлі-түрлі пікірлер жазады. Бұл - олардың құқығы. Және сайттағы жарияланған пікірлер заң бойынша редакцияның интеллектуалдық жұмысы болып саналмайды. Осыдан біраз уақыт бұрын, Медеу аудандық прокуратурасы сайттағы белгісіз адамдардың жарияланған пікірлеріне байланысты редакциямызға хат жолдаған болатын. Содан соң, біз дау тудыруы мүмкін пікірлердің барлығының көзін жойдық. Ал енді міне, прокуратура бізді сотқа тартып, ұлтаралық араздықты қоздырып отырсыңдар деп айыптап отыр.