Баспасөзге шолу. 12.07.2008 жыл

Сенбі күні жарық көрген басылымдарда, Алматы қаласындағы перзентханалар мен ауруханаларда бала өлімін жасырып-жабу үрдісінің белең алғаны және қала әкімі Ахметжан Есімовтың жаңадан құрылған жетінші ауданның тұрғындарымен кездескені жазылыпты.
«Айқын» газетінің 12 шілде күні шыққан санында, Қарлығаш Зарыққанқызының «Балалар өлімін жасырып келіпті» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, Алматылық медицина мекемелерінде жаңа туған сәбилердің өлімін жасырып-жабу үрдісінің белең алып бара жатқандығы баяндалыпты. Медицина мекемелеріне тексеру жүргізген прокуратураның осындай мәлімдеме жасап отырғандығы сөз болыпты. Бір ғана Әуезов ауданындағы тоғыз медициналық мекемені тексеру кезінде, перзентханалар мен емханалардың қызметкерлері 20 баланың өліміне қатысты «шала туды, анасының денсаулығына байланысты қайтыс болды» деген құжаттамалар толтырғаны сөз болыпты. Шындығында, сәбилердің дені медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуінен, аналарды дұрыс босандыра алмаудан, дәрігерлердің салғырттығынан шетінегені хабарланыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымының сенбілік санында, Арай Үйренішбекқызының «Жаңа жолдың жақсылықтары да көп» деген мақаласында, кеше премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметовтің – Щучье автомагистралінің құрлысымен танысқаны айтылыпты. Бұл автомагистраль – елде салынып жатқан тұңғыш жоғары жылдамдықты автобан құрылысы екені жазылыпты. Сондай-ақ, оның жалпы ұзындығы 224 шақырымды құрайтындығы және 2006 жылы басталған құрылыс нысаны 6 жолақты жаңа жол техникалық категориясының 1-А нұсқасына сәйкес келетіндігі сөз болыпты.

«Время» газетінде кеше, «Шаңырақ» оқиғасына екі жыл толуының қарсаңында, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың жақында ғана құрылған «Алатау» ауданының тұрғындарымен кездесіп қайтқаны баяндалыпты. Ахметжан Смағұлұлының аудан әкімшілігінің ғимаратын аралап шыққан соң, аудан статусына ие болған елді мекеннің тұрғындарымен кездесуге асыққаны айтылыпты. Автор Мадина Айымбетованың мақаласында, әкімнің қуанышына орай, онымен тек өте лоялды тұрғындар ғана кездесіп және олардың ешқайсысы да қала басшысын ыңғайсыз жағдайда қалдыратындай сұрақ қоймағаны тілге тиек етіліпті. «Ал қала әкімінен заңсыз жер басып алушылар деп аталатындардың мәселесі қалай шешілетіндігін білгісі келген ауданның бір топ тұрғындары, қатар-қатар тізіліп тұрған полицейлердің шеңберінен өте алмады» деп жазады автор.

«Экспресс К» газетінің 12 шілде күні жарық көрген санында, Майкл Швирц пен Уильям Броадтың «Америка өздерінің одақтастарын қорғайды» деген мақаласы жарық көріпті. Мақалада, бейсенбі күні ирандық билік өздерінің зымырандарының сынақтан өткізіп жатқандары туралы ақпарат таратқанда, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, Грузияда жасаған баспасөз мәслихатында, шабуыл болған жағдайда, Американың өз одақтастарын қорғайтындығы туралы айтқаны сөз болыпты. Сонымен қатар, осы жағдайлардан соң, Иран мен Құрама Штаттардың қарым-қатынасы одан әрі күрделене түскенге ұқсайды деп жазылыпты.