Шаңырақ оқиғасы, 14 шілде 2006 жыл.

Шаңыраққа ертең сот шешімін орындаушылар келіп, тұрғын үйлерді бұзады дегенді естіген жұрт түнді көз ілмей өткізді.

Шаңырақта негізінен елдің өзге өңірлерінен күнкөріс қамымен Алматыға қоныс аударғандар тұратын. Сот "олар заңсыз иеленіп алған жерге баспана тұрғызған" деп шешім шығарған.

Шаңырақтың шетіне полиция жасағы шілденің 14-і ертемен, күн шықпай кірді.

Өз баспанасын қорғауға бекінген тұрғындар кіреберіс жолды тас үйіп, ескі автокөлік дөңгелектерін қойып жауып тастады.

Полицияның алдынан шыққан әйелдер олардан елді мекенге кірмей-ақ қоюын жалынып сұрады.

Оппозиция белсендісі Рысбек Сәрсенбай (ортада) полицияны даулы мәселені келіссөз арқылы бейбіт жолмен шешуге үндеді.

Басшылардан сот шешімін орындау туралы бұйрық алған полицияның алдын кес-кестеген әйелдер оларды тоқтатуға тырысты.

Полиция жасағы әйелдердің әлсіз тосқауылын бұзып өтіп, Шаңыраққа кіруге бет алды.

Полиция әйелдерге күш қолданған соң, бағанадан оқиғаны алыстан сырттай бақылап тұрған адамдар полицейлерге тас лақтыра бастады.

Бетпе-бет қақтығыстан соң полиция кейін шегінді, екі жақтан да жараланғандар болды.

Шаңырақ тұрғындары Алматы полициясы бастығының орынбасары Нұрлан Самалиховтан (оң жақтан екінші) жасақты алып кетуін өтінді.

Осындай талап-тілекті Шаңырақ өкілдері осы жерге келген Алматының Әуезов ауданы әкімі Владимир Устюговке (оң жақтан төртінші) де айтты.

Билік сөзімізге құлақ асар деп үміттенген тұрғындар өздері алғашқы қақтығыс кезінде кепілге алған полицейлерді босатты.

Бірақ біраздан соң полиция қайтадан Шаңыраққа кіруге бірнеше мәрте әрекет жасады.

Бұл жолы полиция тұрғындарға қарсы түрлі арнайы құрал қолданып, өрт сөндіретін команданы да жұмылдырды.

Полицейлер үйді сүруге қарсылық танытқан адамды әкетіп бара жатыр.

Мұндай шараға алғаш рет қатысқан кейбір полиция қызметкерінің жүзінен абыржып қалғаны байқалады.

Әлдекімдер тұрғындар кепілге алған полиция офицерінің үстіне жанғыш зат құйып, от қойды.

Қатты күйген 24 жастағы полиция офицері Әсет Бейсенов бірнеше күннен соң ауруханада дүние салды.

Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған диссидент, ақын Арон Атабек. Кейін сот оны "Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деп танып, 18 жылға соттады. Тағы үш адамға 14, 15 және 16 жыл түрме жазасын кесті. 20 адамға 1-3 жыл аралығында шартты жаза беріліп, 1 адам ақталды. Түрмеде аурудан әбден әлсіреген Атабекті 2021 жылы күзде өзін толық ақтау туралы талабын орындамастан қамаудан шығарды. Ол денсаулығының нашарлауына түрмедегі қатаң жағдай мен азаптау себеп болғанын айтқан. Арон Атабек 2021 жылы 24 қарашада 68 жасында Алматыда қайтыс болды.

Әрекеттері сәтсіз аяқталған соң полиция Шаңырақтан кетті, бірақ жұрт олардың қайтып келуінен сақтанып біразға дейін тарамады.

Жол үстінде өртке қарсы қызметтің отқа оранған автокөлігі қалды.

Ашу-ызаға булыққан топтың қаһарынан полицейлерді Шаңырақ тұрғындарының өздері қорғап, оларға араша түсті.

Тұрғындар қақтығыс кезінде жараланған полиция қызметкерлерін медициналық жедел жәрдем көлігіне жеткізді.

Шаңырақ қақтығысында жеңіске жеткен тарап болған жоқ. Бұл оқиға қоғам мәселесін күш қолданып шешуге болмайтынын көрсетті.