Амантай қажы қазақ тілінен сынақ тапсыруға бармайтынын мәлімдеді

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат болып түсуге өзін өзі ұсынған Амантай қажы Асылбек лингвистикалық комиссияға қазақ тілінен сынақ тапсыруға бармайтынын мәлімдеді.

– Мен ондай сынақтан осыған дейінгі президент сайлауларында екі рет өткем. Қазақ тілінде сөлей алатынымды бүкіл жұрт біледі. Бірақ мен бүгін Астанаға бармаймын, түстен кейінге журналистерді жинап отырмын, сонда себебін айтамын, – деді Амантай қажы ақпанның 16-сы күні Азаттық радиосына хабарласып.

Қазақстанда сәуірдің 3-інде өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидаттарды ұсыну ақпанның 20-на дейін жалғасады. Конституцияға сәйкес, президенттікке үміткерлер мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтар болуы тиіс.