Бейжің мен Манила арасындағы арал дауы қайта қоздады

Оңтүстік Қытай теңізіндегі әскери жаттығуға қатысып жүрген кемелер. 16 сәуір 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

Осы аптада Қытай мен Филиппин арасында даулы Хуангян (Панатаг Шоал) аралына байланысты жанжал өрши түсті деп хабарлайды The New York Times («Нью-Йорк Таймз») газеті.

Басылымның жазуынша, Қытай бейсенбі күні бірнеше порттарында Филиппиннен келген 1 мың 200 контейнер бананды ұзақ уақыт тексеріп, ресми бұқаралық ақпарат құралдарында даулы аралға байланысты науқан бастау арқылы Маниламен арадағы жанжалды асқындырып жіберген.

«ХУАНГЯН» НЕМЕСЕ «ПАНАТАГ ШОАЛ»

Екі ел де Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралды өзінікі деп санайды. Қытайлықтар оны Хуангян аралы, ал филиппиндер Панатаг Шоал деп атайды.
Тек Қытай үкіметі ғана емес, сонымен қатар Қытай халқы мен Қытай армиясы да мұнымен келіспейді.

Сәрсенбі күні Қытай армиясының ресми басылымында жарияланған мақалада осы даулы аралға байланысты ескерту айтылды.

«Қытай Хуангян аралының егемендігіне нұқсан келтіретін кез келген елдің әрекетіне төзе алмайды. Тек Қытай үкіметі ғана емес, сонымен қатар Қытай халқы мен Қытай армиясы да мұнымен келіспейді» деп жазады ресми қытай баспасөзі.

Бұған қоса Қытай сыртқы істер министрлігі өкілі Хонг Ли (Hong Lei) «Филиппин шиеленісті жағдайды одан сайын ушықтыруын тоқтатуы тиіс» екенін айта келе, «Манила бұл жер дауына байланысты жауапкершілікті өз мойнына алуы керек» деп ескертті.

Бұған дейін Қытайдың сыртқы істер вице-министрі Фу Йнг (Fu Ying) Бейжіңдегі Филиппин дипломатына «Манила Қытай мен Филиппин арасындағы екі жақты қарым-қатынастарға қатты зиян келтіріп отыр» деп мәлімдеген болатын. Осы екі ресми өкілдің кездесуінде айтылған сөздер Қытай баспасөзінде жарияланды.

Ресми Бейжің Филиппинді барлық кемелерін арал маңынан әкетіп,

Манила маңында аялдаған АҚШ әскери кемесі. Филиппин, 15 мамыр 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытайдың балықшы қайықтары мен әскери кемелеріне қарсы операцияларын тоқтатуға шақырды.

Сәуір айында Филиппин жағалау күзеті қызметі даулы арал маңында жүрген қытайлық сегіз кемеден «заңсыз ауланған маржан мен балық тапқанын» хабарлаған. Қытай кемелері даулы аумақта «заңсыз балық аулады» деген күдікке ілінген қытай балықшысын Филиппин әскери-теңіз күштеріне бермей, бұл аймақта дау-жанжал шыққан.

Осы оқиғадан кейін АҚШ пен Филиппиннің бірлескен әскери-теңіз жаттығуларын өткізуін Қытай «Манила америкалық одақтасының қолдауымен әрекет етіп отыр» деп бағалаған.

«ЕГЕМЕНДІК, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯ»

Оңтүстік Қытай теңізіндегі бұл аумақтағы дау соңғы бірнеше жылда – осы маңда мұнай қоры бар деген деректен соң үдеп кетті.

«Теңіздегі жанжал егемендік мәселесіне ғана емес, әсіресе аймақтағы бай табиғи қорлар мен стратегиялық ахуалға тікелей қатысты» екенін осы кикілжіңді шешуге ұмтылған халықаралық дағдарыс тобы да ескертеді. Бұл ұйымның айтуынша, Қытайдың даулы аралға байланысты талабы өзге көршілері – Вьетнам мен Филиппиннің мүддесіне де қайшы келеді деп жазады The New York Times газеті.

Сәрсенбі күні Қытайдағы ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі – Ұлттық оффшорлық мұнай корпорациясы Гонконгтен оңтүстік-шығысқа қарай 200 миль жерде орналасқан терең теңіз аумағын бұрғылай бастады. «Компания 56 күн бұрғылайды, мұнай табудан үміті зор» деп жазады қытай баспасөзі.

Ал Филиппин белсенділері мамырдың 11-інде Маниладағы Қытай консулдығы алдында Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аралға байланысты наразылық шарасын өткізіп, Қытайға қарсы ұрандар айтты. Бейбіт жағдайда өткен наразылық акциясына 200-ге жуық адам қатысты.