Астанадағы құрбан шалу



Құрбандық шалуға ниетті астаналықтардың бірі – Қайыргүл Қойбағарова. Ол былтыр 18 мыңға алған тоқтысын биыл 20 мың теңгеге сатып алды. 

Қайыргүл сол жерде құрбандығын Құран оқытып сойдырып, қызметі үшін қасапшы жігіттерге 1 500 теңге төледі.

Астаналық қасапшы

Шалынған құрбандықты асықпай сойғанда 1 сағат уақыттарын жұмсайтын қасапшы жігіттер басты үйітіп, ішек-қарынды сол жерде тазалап береді.

Сатушылардың бірі мереке қарсаңында сырттан әкелінетін қойлардың есебінен құрбандық бағасы арзандайды десе, енді бірі сұраныс болып тұрғанда тауардың қымбаттайтыны заңды деген пікірде. 

Шалынатын құрбандық малды арзанға сату өздеріне тиімсіз деп санайтын мал сатушылар сөйте тұра әр қойдың құнын ары кеткенде 1500-2000 теңгеге ғана қымбаттататынын айтады.

Сатушы Азамат Садықов үш күнге созылатын Құрбан айт мерекесі кезінде Астанаға көрші облыстар – Қарағанды, Павлодар және Семейден құрбандық үшін саудаланатын 5-6 мың бас ұсақ мал келетінін айтады.

Азаматтың сөзінше, ол апта басынан бері 20 қой сатып үлгерген, әрбір қойдың үстінен 1-2 мың теңге аралығында пайда көреді.