"Ан-72" ұшағы апатының "себептері" жарияланды

ҰҚК шекара қызметінің Сайрам ауданында апатқа ұшыраған Ан-72 әскери-жүк ұшағы. Суретті ұшақ Алматыға келіп қонған сәтте 2012 жылғы 25 қараша күні журналист Григорий Беденко түсірген.

Қазақстан бас прокуратурасы шекара қызметінің Шымкент маңында құлаған "Ан-72" әскери ұшағының апатқа ұшырау себептері туралы тергеудің алдын ала нәтижелерін жариялады.

Бас прокуратура жариялаған ақпарат бойынша, ұшақтың апатқа ұшырауына "бірнеше ақау себеп болған".

"Тергеу материалдары ұшақ апатына "ұшақтың борт жабдықтарындағы ақаулар, ұшақты басқару кезінде экипаж командирінің қателіктері және қолайсыз ауа-райы себеп болған" деген қорытынды жасатып отыр" дейді прокуратура.

Тергеу амалдары ұшақ апатына "авиапилот пен радиобиіктік өлшеуіштің істен шығуы, биіктікті өлшейтін құралдардың дұрыс жұмыс істемеуі, экипаж командирінің жерге жақындап келе жатқанын ерте ескертетін жүйені қоспауы, командирдің ұшақты басқаруды көмекшісіне беруі, қар аралас жаңбыр жауып, тұман түсуі және айналаның нашар көрінуі" сияқты жағдайлар себеп болғанын айтады.

Прокуратура ұшақты 2012 жылы жөндеуден өткізген Украинаға халықаралық тергеу жүргізу туралы тапсырма жолданғанын, қазір тергеу жалғасып жатқанын айтады.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің "Ан-72" әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адам түгел қаза тапқан еді. Олардың арасында шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.