Ресей парламенті гомосексуализм туралы заңды мақұлдады

Ресей думасының алдында гейлер құқығын қолдаушылар мен христиан белсенділерінің қақтығысын полиция ажыратып жатыр. Мәскеу, 11 маусым 2013 жыл.

Ресей мемлекеттік думасы кәмелетке толмаған балалар арасында гомосексуализмді насихаттаған адамдарға жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады. Жоба бойынша, енді "гомосексуализмді насихаттағандарға" ірі көлемде айыппұл салынып, бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.

Көптеген құқық қорғаушылар бұл заң жобасын елдегі гомосексуалистерді қудалау құралы болады деп сынаған еді. Заң жобасы шетелдіктерге, ресейліктерге және ақпарат құралдарына кәмелетке толмағандар арасында "дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға" тыйым салады. Ол үшін салынатын айыппұл көлемі 31 мың АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Ресей депутаттары бір жынысты некені заңдастырған елдер өкілдеріне Ресейден бала асырауға да шектеу қоймақшы.

Сейсенбіде парламенттің төменгі палатасында заң жобасы қаралып жатқанда мемлекеттік дума алдында гейлер құқығын қорғаушылар мен православие белсенділері арасында қақтығыс болған. Жанжалдасқан қос тарапты полиция жасағы күшпен таратып, 20-ға тарта гейлер құқығын қорғаушылар мен оларға қарсылық танытқан топтың бірнеше белсендісін ұстады.

Жоба заңды күшіне ену үшін оны парламенттің жоғары палатасы - Федерация кеңесі қабылдап, президент Владимир Путин қол қоюы тиіс.