Украина армиясы дайындыққа келтірілді

Қырымда жүрген белгісіз әскер. Симферополь. 1 наурыз 2014 жыл.

Украина билігі әскердің толық жауынгерлік дайындыққа келтірілгенін хабарлады. 1 наурыз күні Ресей Федерациялық кеңесі Украинаға әскер жіберуді қуаттаған еді. Украина билігі осыдан соң армияны әзірлікке келтірген.

Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов сенбі күні теледидар арқылы әскерді дайындыққа келтіру туралы бұйрықты "Ресей агрессиясы мүмкіндігін ескере отырып" бергенін айтқан.

Ол қауіпсіздік шараларының АЭС-тер мен әуежайларда да күшейтілгенін хабарлады.

Украина премьер-министрінің міндетін атқарушы Арсений Яценюк "Ресей Украина территориясына әскер кіргізбейді" деп болжайды. Оның сөзіне қарағанда, "Ресей оның соғыстың басы екені, барлық байланыстардың үзілетінін түсініп отыр".

Украина саясаткерлерінің бұл комментарийлері 1 наурызда, Ресей парламенті Украина жерінде Ресей әскерін пайдалануға дауыс бергеннен кейін айтыла бастады.

1 наурыз күні Ресей президенті Владимир Путин Федерация кеңесінен Ресей қарулы күштерін Украина аумағында қолдануға рұқсат беруді сұраған еді.

Мұның алдында Мемлекеттік Дума кеңесі мен Федерация кеңесі Путинді Қырым тұрғындарын "күш қолданудан қорғау үшін" барлық мүмкіндікті пайдалануға шақырған еді. Қырымдағы ресейшіл белсенділер де Кремльден аймақта тыныштық орнатуды сұраған.

Украинада Ресей әскерін пайдалану туралы мәселеге дауыс берердің алдында Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко "Украинада тұратын Ресей азаматтарының өмірі мен қауіпсіздігіне шын мәнінде қауіп төніп тұр. Севастопольдегі Ресей флотына да қатер бар" деп мәлімдеген.

Федерация кеңесі мәселені құптағаннан кейін Кремль "Путиннің Украинаға қосымша әскер аттандыруға шешім қабылдамағанын" хабарлады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей әскерін жіберу туралы шешім Қырымдағы оқиғалардың қалай өрбитініне байланысты екенін айтты. Песков "парламенттің жоғарғы палатасының шешімі Путинге жағдайды реттеуге ықпал ететін барлық тәсілдерді пайдалануға құқық беретінін" хабарлады.
Ал Украина билігі бірнеше мың ресейлік жауынгердің Қырымға түсірілгенін айтып отыр. Қырымда орыс ұлты өкілдері көп тұрады және мұнда Ресейдің әскери-теңіз базасы орналасқан.

«Интерфакс» агенттігі Украина армиясындағы дереккөзге сілтеме жасай отырып, Ресейдің екі әскери кемесі Севастопольге тақағанын хабарлады. Дереккөз "бұл Мәскеудің әскери-теңіз базасын жалға алу келісімін бұзғанын білдіретінін" айтқан.

Бұл оқиғалар Батыс елдері басшыларын да алаңдатып отыр. АҚШ, Еуропа Одағы, НАТО Ресейді Украинаға әскер жібермеуге, өз мүддесін бейбіт тәсілдермен қорғауға шақырды.