Экс-судья Өтемісова төрт жарым жылға сотталды

Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісова. Сурет 11 шілде 2013 жылы түсірілген.

Алматының Алмалы аудандық соты 5 мамырда қалалық соттың бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісованы "ауыр салдарға әкеп соқтырған әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе сот актісін шығару" бабы бойынша айыпты деп тауып, төрт жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот 56 жастағы Күлпәш Өтемісованы ресейлік кәсіпкер Александр Сутягинскийге қатысты бастапқы жазаны жұмсартып, оны "сот залынан заңсыз босатып жіберген" деп айыптап, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге және үш жылға дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығына айыруға үкім шығарған.

Судья Күлпәш Өтемісованың қамалуына ресейлік кәсіпкер Александр Сутягинскийдің ісі түрткі болған. «Өзінің әріптесі Михаил Гаркушкинді өлтіруге тапсырыс берді» және «қару мен оқ-дәрі заңсыз сақтады» деп айыпталған Сутягинскийді Алматының мамандандырылған ауданаралық соты 2013 жылғы наурызда 12 жылға соттаған еді.

Кәсіпкердің ісін апелляциялық деңгейде қайта қараған судья Өтемісова 2013 жылғы тамызда бастапқы жазаны жұмсартқан. Ол Сутягинскийге тағылған «пайда табу мақсатымен адам өлтіруге тапсырыс беру» айыбын «адам өлтіруге тапсырыс беру» айыбымен алмастырып, жазасын 6 жыл шартты жаза етіп жеңілдетіп, айыпталушыны қамаудан сот залында босатып жіберген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, бостандыққа шыққан соң кәсіпкер қашып үлгерген.

Сол тамыз айында кассациялық сот алқасы апелляциялық алқаның шартты мерзім туралы қаулысының күшін жойып, бастапқы үкімді қайта қалпына келтірген. Ал 2013 жылы қыркүйекте «әділетсіз үкім шығарғаны үшін» судья Күлпәш Өтемісова қамауға алынған.