Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу

Саяси репрессия қарқынды жүрген жылдары (1917-1938 жылдары) билік «қауіпті» деп тапқан адамдарды шұғыл түрде тұтқындап, құқық қорғау органдарының қатысуынсыз, ешқандай сот үкімінсіз, «үштіктің» шешімімен соттап немесе ату жазасына кесіп отырды. 

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленген мамырдың 31-і таңертең Алматы маңындағы Жаңалық ауылындағы репрессия құрбандары жаппай көмілген жердегі мемориалға адамдар таңғы сегізден келе бастады. 

Жұрт Алматыдағы 1986 жылғы "Желтоқсан" оқиғасына арнап қойылған ескерткіш жанына да жиналды. 1986 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылығынан Дінмұхамед Қонаев алынып, орнына ресейлік Геннадий Колбин тағайындалды. Кремльдің кадр саясатына наразы болған қазақ жастары 1986 жылы желтоқсанның 17-19-ы күндері Алматы қаласындағы алаңға шықты. Қарсылық басып-жаншылып, жүздеген жастар сотталды, студенттер Қайрат Рысқұлбеков (түрмеде опат болды) Ләззат Асанова (жұмбақ жағдайда) қаза тапты. 

Алматы көшелерінде полиция қызметкерлері көбейіп, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Суретте: Алматының орталық алаңында тұрған полиция көлігі. 31 мамыр 2016 жыл. 

Атырауда белсенділер Жеңіс саябағына қойылған репрессия құрбандарының мемориалына жиналды. 31 мамыр 2016 жыл. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына құран бағыштап отырған белсенділер. Атырау, 31 мамыр 2016 жыл. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға келген адамдарды бақылап жүрген полиция қызметкерлері. Атырау, 31 мамыр 2016 жыл. 

Мемориал маңын бақылап жүрген полиция қызметкерлері жұрт қойып кеткен гүлдерге қарап тұр. Атырау, 31 мамыр 2016 жыл. 

Шымкенттегі саяси репресссия құрбандарына қойылған мемориал алдында өткен митинг.  31 мамыр 2016 жыл. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг. Шымкент, 31 мамыр 2016 жыл.

Совет одағының бас лагерьлер басқармасы - ГУЛАГ-тың ең ірі еңбекпен түзету лагерлерінің бірі - Қазақстанның Қарағанды облысында орналасқан Карлаг 1930-1959 жылдар аралығында жұмыс істеді. Бұл жылдары Карлагта бір миллионға жуық адам қамалды деген болжам айтылады.

Суретте: Қарағанды облысы Долинка кентіндегі Карлаг мұражайы алдындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойып жатқан азаматтар. 31 мамыр 2016 жыл.