Дуванов "жеке басқа табынуға" қарсы акция өткізді

Журналист Сергей Дуванов жалғыз адамдық наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы қаласы, 24 қараша 2016 жыл.

Бүгін Алматы қаласындағы Республика алаңында тәуелсіз журналист Сергей Дуванов жалғыз адамдық наразылық акциясын өткізді. Сергей Дуванов көтерген плакатта «Нет культу личности в Казахстане» («Қазақстанда жеке басқа табынуға жол жоқ») деп жазылған.

Сергей Дуванов «Астана атауын «Нұрсұлтан» немесе «Назарбаев» деп өзгерту жөнінде парламент депутаттарының бірлескен жиынында айтылған ұсынысқа наразы екенін айтады.

- Біз жеке басқа табынудан советтік тоталитаризм кезінде өтіп кеткенбіз, оны сынап, бас тартатқанбыз. Енді қайта орала бастадық. Бұған қарсы екенімізді бәріміз білдіруіміз керек. Осы қарсылық акциясы арқылы ар-ожданымның алдында таза болғым келеді,-дейді ол.

Сергей Дувановтың қарсылық акциясына келген құқық қорғаушы Андрей Свиридов «Қазақстанда жеке басқа табыну белгілері көп» деп санайды. 1988 жылы советтік жеке басқа табыну салдарын анықтау үшін құрылған «Мемориал» қоғамдық ұйымын құрушылардың бірі болған ол "Назарбаевқа көзі тірі кезінде ескерткіш қойып, жер-су аттарын беруге, теңгеге портретін салуға болмайды. Жеке басқа табыну белгілеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 1990 жылдары қарсы болған еді. Мүмкін әлі де ойланатын болар" дейді.

Сергей Дуванов өткізген жалғыз адамдық наразылық акциясына құқық қорғау органдарының өкілдері келген жоқ. Он бес минуттан аса тұрған соң ол плакатын жинап кетіп қалды. Жалғыз адамдық қарсылық акциялары қоғам белсенділері түрлі саяси мәселелер бойынша Қазақстанның бірнеше қаласында бұрын да өткізіп, әкімшілік жазаға тартылған.

Астана қаласының атауын өзгерту туралы депутат Қуаныш Сұлтановтың ұсынысын басқа да депутаттар қолдаған. Депутат Мәулен Әшімбаев бұл идеяны «дұрыс әрі маңызды» деп бағалады. Зағипа Балиева Астана атауын «Назарбаев» деп өзгертуді, Бақытгүл Хаменова «Елбасы» деген атауды құптайтынын айтты. Сенат депутаты Михаил Бортник «Астана-Елбасы» деген атауды ұсынды. Бұл ұсыныс баспасөзде жарияланған соң әлеуметтік желілерде наразы сипаттағы түрлі пікірлер айтылған.