Әзімжан Асқаров түрмеде аштық жариялады

Әзімжан Асқаров сотта отыр. Бішкек, 4 қазан 2016 жыл.

Қырғызстандық қамаудағы құқық қорғаушы Әзімжан Асқаров өзіне шыққан сот үкімінің күшінде қалдырылғанына наразылық танытып аштық жариялады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Асқаровтың аштық жариялағанын ол қамауда отырған Бішкектегі №1 абақтыдан хабарлаған.

Қырғызстанның жазаны орындау мемлекеттік қызметіңнің баспасөз қызметі Элеонора Сабатарованың Азаттыққа айтуынша, Асқаров дәрігерлік тексеруден өткен, бірақ қандай да бір дәрі-дәрмек қабылдаудан бас тартқан.

24 қаңтарда Шу облыстық соты Базар-Коргон аудандық сотының Асқаровты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімін күшінде қалдырған. Асқаровтың ісі 2016 жылы сәуірде БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитеті Қырғызстан билігін оның ісін қайта қарауға шақырған соң қайта қаралған.

Этникалық өзбек Әзімжан Асқаров Қырғызстанның оңтүстігінде 2010 жылы жазда қырғыздар мен этникалық өзбектер арасында болған қақтығыстарға қатысты деп айыпталған. Қақтығыстардан 450-ден астам қаза тауып, мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Асқаров Жалалабад облысының Базар-Коргон ауданында тұрып, құқық қорғау ісімен айналысқан.