Тасқын ойрандаған Ақтөбе

Махамбеттегі саман кірпіштен салынған кейбір үйлер құлаған. Қабырғалары сыз тартып, құлағалы түрған үйлерге жақындау қауіпті. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Тасқыннан қираған үй.

Су кірген үйдің құлаған қабырғасы. 

Қабырғасы құлаған кейбір үйлердің іші көрініп жатыр. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Қабырғасы жарылған мына бір үйде енді тұруға болмайтыны түсінікті.  

Үй қабырғасындағы дым белдеуінен жайылған судың деңгейін аңғаруға болады.  

"Балаларымыз мектепке бара алмай отыр. Киім-кешек, оқу құралдары бәрі судың астында қалды. Бізге көмек керек. Киім, тамақ сұрап тұрғанымыз жоқ. Бізге құлаған үйімізді тікейтуге көмек керек. Құрылыс материалдары керек" дейді Махамбет тұрғыны Гүлбаршын Қамысбаева. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Су деңгейі төмендегенімен, ауыл-үйдің арасындағы шалшық су кетпей тұр.  

Іргесін су шайып құлаған үйдің бірі. 

Мына бір үйдің шатыры қисайғаны білінеді. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Мұндағы көшелердің кейбір тұсынан өту қиын. 

Махамбет тұрғындары.  

18 сәуір күні Махамбет тұрғындарымен кездесуге Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Сол кездесуге жинала бастаған жұрт. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев жиылған жұртқа "шығынды арнайы комиссия есептейтінін" айтты. Әкімнің сөзіне қарағанда, жәрдем көрсетілер алдында үйлердің заңдылығы тексеріледі. Комиссия шешімімен заңдастырылған үйлерге қатысты шешім шығарылады. Көп балалы, мүгедек, қарт кісілері бар үйлерге бірінші кезекте жәрдем көрсетіледі. "Жөндеуге жарамды үйлерге құрылыс материалдарын береміз. Мендегі мәліметтерге қарағанда, мал шығыны болмаған" дейді әкім. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Жөндеуге болатын үйлер де бар сияқты. 

Мына бір үйдің су шайған іргесі сөгіліп тұр.

Су алған үйін көрсетіп тұрған Махамбет тұрғыны. Қабырғадағы дым белдеуінен жайылған судың деңгейін аңғаруға болады. Тұруға жарамсыз болып қалғандықтан, мұндағы үйлердің көбі қаңырап бос тұр. 

Махамбеттің көшелерінде резеңке етіксіз жүру мүлдем мүмкін емес. Ақтөбе, 18 сәуір 2016 жыл.

Тасқынның беті қайтқанымен, үйлердің ауласы көлшік болып жатыр. 

Су кірген үйлердің кейбірінің ішкі қабырғалары да құлап жатыр. 

«2004 жылы саманнан салып алған үйіміз еді. Қабырғалары сыз тартып, құлағалы тұр. Басқа барар жеріміз болмаған соң қызымның үйіне көшіп бардық. Қазір бір жерде үш отбасы отырмыз» дейді Махамбет тұрғыны Есенбике Жұмашқалиева. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Жартылай құлаған үйді көрсетіп тұрған адам. 

Тар көшедегі шалшық. 

Осы күні Ақтөбенің Қарғалы өзені таси бастады. Қала шетіндегі Садовый ауылына тасқын су 18 сәуір кешке келе бастаған. Құтқарушылар түнделетіп Қарғалының жағалауындағы Кеңес Нокин, Садовый ауылдары мен түрлі саяжай ұжымдарынан 400-ге тарта тұрғынды эвакуациялаған (Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметі). Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Садовый ауылына ауыр техника келіп, суағар арықтар қазып жатыр. Тұрғындар "үйлерін су басқан біраз адам Ақтөбедегі №61 мектепті паналап отырғанын" айтады. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

"Кішкентай балалары мен құжаттарын қауіпсіз жерге көшіріп, өздері үй-жайларына алаңдаған" тұрғындар "түнімен ұйқы көрмегендерін, кемінде он шақты үй суға кеткенін" айтады. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.