Мәскеу соты Алексей Навальныйды 30 тәулікке қамады

Ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальный.

Мәскеу соты ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальныйды "митинг өткізу тәртібін қайта бұзғаны" үшін 30 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Сейсенбіге қараған түн ортасында істі қараған судья Анастасия Лоскутова өзін бұл істен шеттету, сот тыңдауын басқа уақытқа ауыстыру және оған куәгерлерді шақыру, сонымен бірге соттың хаттамасын жүргізіп, оның өту барысын видеоға түсіруді сұраған адвокаттардың өтініштерін қанағаттандырмады.

Полиция қызметкерлері Алексей Навальныйды Мәскеуде коррупцияға қарсы акция өткен маусымның 12-і күні үйінен шыққан сәтте ұстаған. Оппозиционер оның алдында Мәскеу мэриясы Сахаров алаңында өткізуге келісім берген митингі «билік тарапынан жасалған кедергілерге байланысты» алдын ала белгіленген жерде өтпейтіні туралы мәлімдеп, өз жақтастарын Ресей туын ұстап Мәскеу орталығындағы Тверь көшесіне шығуға шақырған.

Маусымның 12-і күні Ресейдің ондаған қаласында коррупцияға қарсы акциялар өтті. Мәскеуде 700-ден аса, Санкт-Петербургте – 550-ден астам адам ұсталған. Полиция акцияға шыққандарды ұстаған кезде күш қолданған.

Ресейдегі жемқорлыққа қарсы шеруді осы видеодан көре аласыз:

Your browser doesn’t support HTML5

Жаһан жаңалықтары 12.06.2017

Наурыздың 2-і күні Алексей Навальный жетекшілік ететін «Коррупцияға қарсы күрес қоры» Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевке қатысы болуы ықтимал жылжымайтын мүлік жайлы зерттеуін жариялаған. Наурыздың 26-ы күні Ресейдің ондаған қаласында коррупцияға қарсы акциялар өтіп, полиция бір жарым мыңға жуық адамды ұстаған. Ол жолы Мәскеу соты митингі өтетін жерге бара жатқанда ұсталған Алексей Навальныйды 15 тәулікке қамаған еді.