Ақтөбе облысында жолаушылар автобусы аударылып, 9 адам қаза тапты

Ақтөбе облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы аумағында жолаушылар автобусы аударылып, кем дегенде тоғыз адам қаза тапты, 20-ға тарта адам жараланды деп хабарлады ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті.

Комитет ақпаратына қарағанда, Mercedes маркалы екі қабатты автобус 22 маусым күні таңертең Қарабұтақ ауылынан 20 километр қашықтықта Самара - Шымкент жолының бойында аударылып кеткен. Комитеттің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың сөзінше, апатқа ұшыраған автобуста 52 адам болған, олардың 50-і Өзбекстанның, екеуі - Қазақстан азаматты.

Автобус Ресейден Волгоград - Шымкент бағыты бойынша келе жатқан. Өзге дереккөздерінің ақпаратына қарағанда, автобус жүргізушісі - Қазақстан азаматы. Комитет Өзбекстанның 17 азаматы мен Қазақстанның бір азаматы ауруханаға жеткізілгенін айтады.

Жол апатына қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінде 8-713-2-56-29-62 нөмірі, Әйтеке би аудандық төтенше жағдайлар басқармасында 8-713-39-2-56-45 нөмірі бойынша шұғыл желі телефондары қосылған.