Шахандағы жарылыс бойынша сот үкімі шықты

Шахан кентіндегі жылу қазандығының жарылуына байланысты сот. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, 4 шілде 2017 жыл.

Қарағанды облысының Шахтинск қалалық сотында сәрсенбіде Шахан кентіндегі көп қабатты үйде жылу қазандығының жарылуына қатысты іс бойынша үкім шықты. 2017 жылы қаңтардың 1-інде кенттегі көп қабатты үйде болған жарылыстан үйдің бір подъезі қирап, тоғыз адам, оның ішінде үш бала қаза тапқан болатын. Сот сотталушы бес адамның әрқайсысын екі жарым жыл мерзімге шартты жаза кесті.

Бұл іс бойынша бес адам - Шахан кенті әкімі Мұрат Жақыпов, оның коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Әкетай Нәжмиден, коммуналдық мәселелер жөніндегі бас маман Мәрия Жұмабекова, Шахтинск қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы, автожолдар және тұрғын үй инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алмас Омарханов және Шахтинск қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторы бас маманы Нұржан Маханбетов сотқа тартылған. Олар "ауыр зардаптарға соқтырған қызметтік әрекетсіздік" жасады деп айыпталды. Сот үкім шығарарда сотталушылардың сот барысында прокурормен кінәларын мойындайтыны туралы процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш бергенін ескерді.

Тергеу ұйғарымынша, бұл лауазымды адамдар "заң бұзушылықты жоятын ешқандай шара қолданбаған". Сотталушылар тергеу кезінде тағылған айып бойынша кінәлі екендерін мойындамаған еді. Кейін олар процессуалдық келісім жасасқан. Сотталушылар мен олардың адвокаттары БАҚ-пен байланыстан бас тартып, өздерін суретке түсіруге қарсы болды.

Оқи отырыңыз: Шахандағы жұрт қорқынышпен өмір сүріп жатыр

Кейбір жапа шегушілер бұған дейінгі сотта трагедияға жауапты адамдар сотталып жатқан жоғын немесе олардың саны әлі түгел емес екенін айтқан. Басқалары Шахтинск қаласының басшылығы да жауапқа тартылуы керек деген пікір білдірген. Жапа шегушілер мен куәгерлер сотта өз күндерін өздері көргендерін, ешбір билік өкілінің бұған дейін үйде бұндай қазандықты қолданудың қауіпті екенін ескертпегенін және тыйым салмағанын айтқан. Олар қала типтес елдімекенде көп қабатты үйлер орталықтан жылытылса, бұндай қасіретті жағдай болмас еді деген.

Осы сотта сонымен қатар жарылыс болған үйде жылу қазандығын орнатуға көмектескен шахтер Мұрат Сүйлеменовтің ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сотта оның үстінен іс қозғалып, жеке сот өндірісі ашылғаны белгілі болды.

Видео: Шаханға көмек (04.01.2017)

Your browser doesn’t support HTML5

Шаханға көмек