Министр мектептегі хиджаб дауына жауап берді

Нұрлан Ермекбаев, дін істері және азаматтық қоғам министрі.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев арнайы мектеп-медресе ашып беруді сұраған ата-аналардың өтінішіне жауап берді. Министрдің айтуынша, мұндай мектептер ашуға мүмкіндік бар.

- Мұндай мектептерді ашуға қазір жағдай бар. Егер сондай ата-аналар болса, оларды (балаларын – ред.) орамал тағып немесе хиджаб кигізіп мектепке жіберетін болса, олар өздері жиналып, демеушілер іздеп, ондай жеке мектептер ашуына құқығы бар, - деді Ермекбаев Астанада дүйсенбі күнгі үкімет жиынынан соң журналистерге.

Оқыңыз: Орамал тағатын оқушылар дауы басылар емес

Ақтөбеде бір топ тұрғын өткен аптада парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлмен кездесіп, өз арыз-шағымдарын жеткізген. 9 қаңтарда өткен кездесуде ата-аналар орамал тағатын қыздары жаңа тоқсан басталғалы бері мектепке кіре алмай жүргенін айтып, депутаттан орамал дауын шешудің бір жолы ретінде дін ұстанатын оқушы қыздар үшін арнайы мектеп-медресе салу жолдарын қарастыруды сұраған болатын.