Ерімбетовті "азаптау" шағымы бойынша іс қозғалды

Ескендір Ерімбетов.

Алматыда түрмеде тергеліп жатқан бизнесмен, 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесі Мырзахан және Ғайни Ерімбетовтер Азаттыққа ұлдарының азапталғаны туралы шағым бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Олар бұған дәлел ретінде Азаттық тілшісіне Алматы қаласы прокуроры орынбасарының өздеріне жіберген хатын көрсетті. Хат бас прокуратураның тапсырмасы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тергеу департаментінің бастығы С.Н.Перовқа жолданған.

Хатта Перовқа «Ғайни Ерімбетованың тергеудегі ұлы Ескендір Ерімбетовке қатысты арызы қылмыстық іс бойынша қарауға жіберілгені» айтылған.

Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова Алматы қаласының арнайы прокурорына ұлының азапталғанына қатысты арызын 11 қаңтар күні түстен кейін берген. Ерімбетова сол күні түске дейін абақтыдағы ұлымен жолығып, оның «аяусыз азапталып, соққыға жығылғанын» көрген.

Арнайы прокурор арызға уақытында жауап бермеген соң, 14 қаңтар күні Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесі үкіметтің egov.kz сайты арқылы бас прокуратураға шағымданған. Ғайни және Мырзахан Ерімбетовтер бас прокуратураны Алматы қаласының арнайы прокурорын және ұлын еркінен тыс суретке және видеоға түсіріп, кейін оның суреті мен видеосын таратқан билікшіл кейбір БАҚ-ты жауапқа тартуды сұраған.

Бизнесмен Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі 2017 жылдың 13 қарашасы күні Алматыда «қаржы жымқырды және жылыстатты» деген күдікпен тұтқындалған. 15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ерімбетовті қамау туралы шешім «заңды» деген.