Белсенді Филинков өзін "ФСБ өкілдері азаптағанына" шағымданды

Көрнекі сурет.

Ресейде фашизмге қарсы қозғалыстың белсендісі, террорлық топқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған Виктор Филинков Ресей Тергеу комитетіне Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) қызметкерлерінің үстінен шағымданды. Бұл жайында айыпталушының адвокаты Виталий Черкасовқа сілтеген РБК агенттігі хабарлады. Филинков шағымында арнайы қызмет өкілдерін өзін азаптап, қинады деп айыптайды.

Бұған дейін Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) Филинковтың денесінің көп жері электр есеңгіреткіштен күйіп қалғанын хабарлаған еді. Филинковтың айтуынша, өзін ФСБ қызметкерлері мен бетперде киген адамдар орманға апарған. Филинковтың әйелі бұған дейін күйеуіне «кінәсін қинап мойындатқанын» айтқан.

Филинков кінәсін мойындайтыны туралы құжатқа қол қойған соң өзіне «сөзінен таймауды» ескерткенін айтады. Оның сөзінше, «Сөзіңнен тайсаң, туберкулезбен ауыратындар отыратын абақтыға қамаймыз» деп қорқытқан.

25 қаңтарда Санкт-Петербург соты 23 жастағы Виктор Филинковты екі айға қамаған. Тергеу долбарына қарағанда, Филинков пен тағы бірнеше адам «террорлық іс-әрекет жасап, оны насихаттайтын» топ құрмақ болған.

Бұған дейін ресейлік БАҚ Виктор Филинковты Қазақстан азаматы деп хабарлаған еді. Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігінен Виктор Филинковке қатысты комментарий ала алмады. Осы апта басында Қазақстан сыртқы істер министрлігі қазақстандық дипломаттар Филинковтың ұсталуына қатысты Ресей тергеу органдарына тиісті сауал жолдайтынын хабарлаған.