Астана полициясы гала-концертке бала апармауды ескертті

Астана қаласының орталығындағы "Қазақ елі монументіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың барельефі.

Астана қаласы ішкі істер департаменті (ІІД) тұрғындардан шілденің 6-сы, Астана күні кешке "Қазақ елі" монументі аумағында өтетін гала-концертке жас балаларды ертіп бармауды "өтініп" сұрайтыны туралы хабарлама таратты. Сонымен бірге полиция 16 жасқа толмағандарды концерт өтетін орынға барудан "тартынуға" шақырған.

Билік мұны қауіпсіздік мақсатымен деп түсіндірген. "Жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қыспақта қалып қоймас үшін аталған санаттағы адамдар гала-концерт өтетін жерге кіргізілмейді", - делінген ІІД ақпаратында.

Астанадағы "Қазақ елі" монументі алдында қазақстандық және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен мерекелік гала-концерт бүгін жергілікті уақытпен сағат 20:00 кезінде басталады деп хабарланған. Ашық аспан астында бес сағатқа жалғасатын концерт аяқталғаннан кейін отшашу болады деп жоспарланған.

Астана мен Алматы және басқа қалаларда полиция күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Ақтау мен Шымкентте орталық алаңдарға полиция бақылауы қойылған. Билік өкілдері мұны "мереке күніне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатындағы шаралар" деп түсіндірген.

Астана күні полиция алаңдарды бақылауға алды

Қазақстан бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "перзенті" деп атап жүрген мемлекет астанасының 20 жылдығын тойлап жатыр. Мемлекеттік мереке деп жарияланған бұл күн дәл бүгін 78 жасқа толған Назарбаевтың туған күнімен "дөп келеді".

Армения, Беларусь, Ресей, Сербия мен Түркіменстан президенттері, Испания королі Назарбаевты туған күнімен құттықтап, жеделхат жолдады деп хабарлайды Қазақстан президентінің баспасөз қызметі. Кеше Астанаға келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мерекелік шараларға қатысты. Бүгін Қазақстан астанасына Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээенбеков келді.