Мәскеудегі чемпионатта алаңға жүгіріп шыққандардың үстінен іс қозғалды

Ресейлік Pussy Riot тобының Мәскеудегі әлем чемпионаты кезінде ұйымдастырған арт-акциясы. Шілденің 15-і, 2018 жыл.

Мәскеуде футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқанда «Лужники» алаңының ортасына жүгіріп шыққан азаматтардың үстінен әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғалды. Олар "көрермендердің спорт сайысы кезінде өзін-өзі ұстау ережесін бұзуы" және "құқық қорғау органдарының формасына ұқсастығы бар киім кию" баптары бойынша күдіктеліп отыр. Бұл туралы Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасының сайтында жазылған.

Ресейлік Pussy Riot тобының полиция формасын киген төрт мүшесі финалдық ойын өтіп жатқан кезде алаңға жүгіріп шыққан. Олар мұны "Милиционер ойынға араласады" акциясы аясында істегенін айтқан. Ұйымдастырушылар мұны мәскеулік концептуализмнің негізін салған Дмитрий Пригов өлімінің 11 жылдығына арнайтынын мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Францияның жеңісі, Ресейдің шығыны және FIFA тапқан пайда

Pussy Riot тобы өздерінің фэйсбук парақшасында "акцияның мақсаты – саяси тұтқындардың босап шығуына қол жеткізу, репост үшін қылмыстық іс қозғауды доғаруға шақыру, митингілер кезінде заңсыз ұстауды тыю, елдің саяси өміріне бәсекені қайтару" деп жазған.

Шілденің 15-інен 16-на қараған түні Ресейде футболдан әлем чемпионаты аяқталды. Финалда Франция құрамасы Хорватияны жеңді. Мәскеуде өткен финал 4:2 есебімен аяқталды.