Прокурор: Күдікті Денис Тенді өлтіргенін мойындады

Your browser doesn’t support HTML5

Денис Теннің өліміне күдікті оқиға орнына келді

Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев Денис Теннің қазасына қатысы бар деп күдіктелген азамат кінәсін мойындағанын айтты. Прокурордың сөзінше, күдікті Нұралы Дәулетбекұлы Қиясов адвокат қатысқан тергеу кезінде кінәсін мойындаған. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Алматыда өткен баспасөз конференциясында прокурор "1994 жылы Жамбыл облысында туған Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы кінәсін мойындап түсінік берді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды" деді.

Денис Тен қаза болған оқиғаға қатысты күдіктілер анықталып, оның бірі ұсталғаны туралы ақпарат таңертең белгілі болған.

ВИДЕО: Денис Тенді өлтіргенін күдікті мойындады

Your browser doesn’t support HTML5

"Денис Тенді өлтіргенін күдікті мойындады"

​Министрлік хабарламасында "Денис Тенді өлтіру фактісі бойынша жүргізілген жедел тергеу амалдарының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықтылды. Күдіктінің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Екінші күдікті іздестіріліп жатыр. Бұдан өзге ақпарат тергеу жүріп жатқандықтан жарияланбайды" деп жазылған.

Денис Теннің өліміне екінші бір күдікті - 1994 жылғы Қызылорда облысының тумасы Құдайбергенов Арман Бөрібайұлы іздестіріліп жатқаны туралы ақпаратты ішкі істер министрлігі хабарлады. Министрлік хабарламасында "күдіктінің бойы 165-170 см, жұқалтаң. Қара футболка, сұр джинсы, қара аяқ киімде болған" деп жазылған.

Арман Құдайбергенұлы Бөрібаев. Денис Тенді өлтірді деп күдікке ілінгендердің бірі.

19 шілдеде Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен 25 жасында пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан.

Жергілікті ақпарат агенттіктері Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі сенбі - 21 шілдеде болатынын жазды. Оны Достық ауылындағы мазарға жерлейді.