Британдықтар Брекзит жайлы жаңа референдум өткізуді қолдайды

Көрнекі сурет.

Ұлыбритания Еуропа Одағы құрамынан шығу туралы шешім қабылдағаннан кейінгі екі жылда алғаш рет британдықтардың көпшілігі Еуроодақтан шығу (Брекзит) мәселесіне қатысты жаңа референдум өткізуді қолдайтындарын білдірді. Бұл туралы YouGov институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сілтеме жасап France-Presse агенттігі хабарлады.

Мамандардың дерегінше, сауалнамаға қатысқандардың 42 пайызы жаңа референдум өткізуді қолдаса, 40 пайызы оған қарсы екендерін білдірген. Жақында Independent басылымы жаңа референдум өткізу туралы интернетте жариялаған петицияға 200 мың адам қол қойып үлгерген.

Осы аптада Еуропа Одағының Брекзит бойынша келіссөз жүргізушісі Мишель Барнье британ премьер-министрі Тереза Мэйдің кедендік әріптестік саласы бойынша ұсынған негізгі баптарды қабылдамады. Олар Брекзиттен кейін Ұлыбритания мен Еуроодақ арасында тығыз коммерциялық байланыстарды қолдауға бағытталған болатын. Ресми түрде Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан 2019 жылғы наурыздың 29-ында шығады деп жоспарланған. Сол күні Еуропа Одағымен шекарада кеден алымы мен кедендік бақылаудың жаңа жүйесі енгізілуі тиіс.

Мишель Барнье егер Ұлыбритания Еуропа Одағымен қазіргідей сауда қатынастарын сақтап қалғысы келсе кедендік одақта қалуы тиіс дейді. Мұнымен Тереза Мэй келіспейді. Сонымен бірге Мэй Еуропа Одағы құрамынан шыққан соң Лондонның өзге елдермен еркін сауда келісімін бекіту құқығы болғанын қалайды деп хабарлайды халықаралық француз радиосы.