Еуропа құқық қорғаушылары Арон Атабекпен кездесе алмады

Диссидент Арон Атабек. Алматы, қазан 2007 жыл.

Павлодарға түрмеде отырған диссидент Арон Атабекпен кездеспекке келген еуропалық құқық қорғаушылар - Италияның адам құқықтары жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго, Швейцария парламентінің депутаттары Клод Бегле мен Карло Соммаруга және Tribune de Geneve басылымының тілшісі Патрик Чуард онымен жолыға алмады. Бұл жайында Азаттық тілшісіне Антонио Станго телефонмен хабарлады. Стангоның айтуынша, құқық қорғаушылар Арон Атабекпен кездесу жайын Қазақстан Сыртқы істер министрлігімен Қазақстанның Женевадағы елшілігі арқылы талқылаған. Министрлік арқылы алынған ресми жауапта Атабекпен кездесуге рұқсат берілмеген.

Еуропалық құқық қорғаушылар Павлодарда 23 тамыз күні азаптау құрбандарының туыстарымен және азаптауға ұшырағандардың бірі - бұрынғы тұтқынмен кездескен. Антонио Станго кездескен бұрынғы тұтқын тергеу кезі мен кейін түрмеге жабылғанда азапталғанын және қатыгездік көргенін баяндап бергенін айтты.

Антонио Стангоның сөзінше, еуропалық құқық қорғаушылар Астанада сыртқы істер министрінің орынбасары және күш құрылымдары департаменттерінің басшыларымен кездесуінде Арон Атабекпен кездестірмегенін, Қазақстан түрмелеріндегі азаптаулар мәселесін қозғамақ.

Бір жарым ай бұрын Павлодарда тұратын тұтқындар құқығын қорғаушы Елена Семенова Еуропа парламентінде сөйлеп, Қазақстан түрмелеріндегі азаптаулар туралы және "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Арон Атабектің тағдырын баяндаған. Елена Семенова Еуропадан Қазақстанға оралған соң үстінен "көрінеу жалған мәлімет таратты" деген күдікпен іс қозғалған.

Биыл 17 шілдеде Арон Атабек 18 жылдық жазасының үштен екісін өтеген соң мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу туралы өтініш білдіру құқығын иеленген.

Алайда, ол бұрын өзімен жолыққан жергілікті құқық қорғаушыларға мерзімінен бұрын шщартты түрде босатуды немесе рақымшылық жасауды сұрамайтынын, себебі өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Шағымданбайды, берілмейді. Диссидент Арон Атабек 65 жасқа толды

65 жастағы Арон Атабек - "Шаңырақ оқиғасы" бойынша ұзақ мерзімдерге сотталған төрт адамның ең үлкені. Оны 2006 жылы 14 шілдеде полиция қызметкерінің өліміне әкеп соқтырған жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін соттады. 18 жылдық жазаны ол Павлодардағы түрмеде өтеп жатыр.