Прокурор Әсет Нұржаубайға түрме жазасын сұрады

Полиция Әсет Нұржаубайды қолына кісен салып сотқа алып келе жатыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.

Алматының Медеу аудандық сотында "алаяқтық жасады", "қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке болысты" және тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы қызметіне қатысты деп айыпталған Әсет Нұржаубайдың ісінде жарыссөз басталды.

26 қыркүйектегі жарыссөзде сөйлеген прокурор Жәнібек Мамытов тергеу мен сот Нұржаубайдың кінәсін толық дәлелдегенін мәлімдеді. Айыптау тарабының пікірінше, Нұржаубай ақпараттық және басқа да қызметтер көрсету кезінде оның "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне" пайдаланылатынын білген. Прокурор іс материалдары Әсет Нұржаубайдың сот тыйым салған ұйым қызметіне араласқанын және аса ірі көлемде алаяқтық жасағанын дәлелдейтінін айтты. Прокурор осыған байланысты Нұржаубайды алты жылға соттауды сұрады.

Жарыссөзде сонымен қатар жәбірленуші - Әсет Нұржаубаймен бұрын бірге тұрған әйел сөйледі. Ол прокурорды қолдап, соттан Нұржаубайдың үстінен түсірген азаматтық шағымын қанағаттандыруды сұрады. Жәбірленуші шағымында Нұржаубайды "3,6 миллион теңгемді алдап алды" деп айыптап, ақшасын өндіріп беруді талап еткен.

Нұржаубайдың адвокаты Камила Толыбаева жарыссөз 26 қыркүйекте басталады деп күтпегенін айтып, соттан өзіне дайындалуға уақыт сұрады.

Медеу ауданының қылмыстық істер бойынша сотының судьясы Ұлан Кішібай сотта үзіліс жариялады.

30 жастағы Әсет Нұржаубайға Қылмыстық кодекстің "экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу", “экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу” және “алаяқтық” баптары бойынша айып тағылған.

"Алаяқтық" айыбы бойынша негізгі куәгер ретінде Нұржаубаймен бұрын тұрған әйел танылған. Ал қалған екі бап бойынша басты куәгер Ләззат Бақбергенова сотқа келмеді. Судья мен адвокат оны процесс барысында сотқа шақырып, жауап алуға тырысқанымен, нәтиже шықпады. Адвокат Толыбаеваның пікірінше, Бақбергеновадан сотта жауап алмай айыпталушының кінәсін анықтау мүмкін емес.

Польшада орналасқан "Ашық диалог" (Open Dialog) құқық қорғау ұйымы Әсет Нұржаубайды биліктің Астананы сынайтын әрі шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-мен күресі науқанына ілігіп кеткендердің бірі деп санайды.

Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар Әсет Нұржаубайды "саяси тұтқын" деп жариялаған.