Ауғанстанда тәліптер шабуылынан ондаған сарбаз оққа ұшты

Нангархар уәлаятында содырларға қарсы операцияда бекіністе тұрған ауған сарбазы. Ауғанстан, 9 қаңтар 2019 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ауғанстанда 10 қаңтарда "Талибан" содырларының шабуылынан үкімет қауіпсіздік күштерінің кемінде 32 қызметкері оққа ұшқан. Тәліптер Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз, Баглан мен Тахар уәлаяттары және елдің батысындағы Бадгис уәлаятында тексеру және өткізу бекеттеріне шабуылдаған.

Кундуз уәлаятына қарасты Кала-е-Заль ауданының басшысы Ахмад Фахим Карлуктың айтуынша, тәліптер шабуылынан 10 әскери мен полиция қызметкері қаза тауып, 11-і жараланған. Карлук қарулы қақтығыс барысында 25 содырдың көзі жойылған деп хабарлады.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Баглан және Тахар уәлаяттарында тәліптер шабуылынан үкіметті қолдайтын жасақтың 16 мүшесі қаза тапқан. Бадгис уәлаяты губернаторының баспасөз хатшысы Бадгис Жамшид Шахаи тексеру және өткізу бекеттеріне жасалған шабуылдар салдарынан қауіпсіздік күштерінің алты қызметкері оққа ұшып, 10-ы жараланғанын хабарлады.

"Талибан" қозғалысы шабуылдарды мойнына алды. "Талибан" өкілі Забиулла Муджахидтің мәлімдемесінде тәліптердің ондаған ауған әскери қызметкерін өлтіріп, қару-жарақ пен оқ-дәріні қолға түсіргені айтылады.

Соңғы айларда Ауғанстанда қауіпсіздік күштері мен үкімет нысандарына тәліптердің шабуылы жиілеген. Ауғанстан армиясы мен АҚШ әскерилері тәліптерге қарсы операцияларын күшейткен.