Жаңаөзенде Азаттық тілшісі Сәния Тойкен ұсталды

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы тұрғындар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкен ұсталды. Тойкеннің сөзінше, Жаңаөзенде жұмыс істейтін танысы екеуін 11 наурызда кешкісін қаладағы дәмханалардың бірінің алдынан полицейлер ұстап әкеткен.

12 наурызда байланысқа шыққан Сәния Тойкен үстінен Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің полиция өкіміне немесе талабына бағынбау бабымен (667-бап) іс қозғалып, сотқа кіргелі жатқанын айтты.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті журналистің ұсталуына қатысты әлі пікір білдірмеді.

Сәния Тойкен мен қала тұрғыны Гүлнәр Тәңірбергенова екеуі дәмхананың бір бұрышында сөйлесіп отырғанда сонда отырған бірнеше азамат өзара жанжалдасып қалған. Сәлден соң әкімшілік кафенің жабылғалы жатқанын айтқан.

Біршама уақыттан соң дәмханаға келген полиция жасағы Сәния Тойкен мен Гүлнәр Тәңірбергенованы ұстап әкеткен.

"Полицейлер "төбелес болған жерде болдыңыздар, бізбен жүріңіздер" деді. "Ештеңе көрген жоқпыз" дегенімізге қарамастан бізді көлікке салып полицияға алып барды" деді Сәния Тойкен.

Журналист Сәния Тойкен соңғы бір айда осымен үшінші рет ұсталып отыр.

27 ақпанда Жаңаөзенге жұмысшылар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағат ұстаған соң босатқан.

Полиция ол кезде "ұстауға Шаудирова есімді азаматтың арызы себеп болды" деген.

12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Тойкенді полиция басқармаға алып кеткен.

1 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир 27 ақпанда Алматы, Жаңаөзен және Орал қалаларында бірнеше журналист пен блогердің ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірген.

ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде "журналистердің кәсіби міндетін орындауға кедергі ететін аз уақытқа ұстау тәжірибесіне алаңдайтынын" айтқан. Оның сөзінше, "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс".