Пекиндегі кездесуде Тоқаев юань рөлін арттыруды ұсынды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қытай басшысы Си Цзиньпин құжаттарға қол қойып жатыр. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қыркүйекте Қытайдағы іскерлік орта мамандарымен кездесу кезінде "Астана" халықаралық қаржы орталығында Қытай валютасындағы инвестиция үшін "механизм" қалыптастыру жайлы мәлімдеді.

"RMB Connect жобасы инвестицияны юань түрінде тартуға мүмкіндік береді. Жаңа экожүйе Қытай валютасының әлемде таралуына елеулі үлес қосып, Қазақстан мен аймақ елдері кәсіпорындары үшін юань операциялары бойынша жаңа-клирингтік орталыққа айналады деп сенемін" деді Тоқаев.

Ол сөз арасында қаржы саласында Қазақстан-Қытай байланысының болашағы зор екенін атап өтті.

Пекиндегі келіссөздер соңында Қазақстан мен Қытай он құжатқа қол қойған. Ақорда сайтында олардың тізімі де көрсетілген. Олардың арасында мемлекет басшыларының ортақ мәлімдемесі, "зияткерлік меншік құқығын шекара маңы қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум", "Қытай үкіметінің Қазақстанға суперкомпьютер беру жобасы жөнінде" келісім және өзге де құжаттар бар. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің жазуынша, соңғы айтылған келісімге сәйкес, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі деректерді өңдеу орталығы жанынан "Жаңа жібек жолы университеттер альянсы" ІТ-паркі құрылып, Қытай жағы Қазақстанды суперкомпьютерлермен қамтамасыз етпек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық-қытай іскерлік кеңесінің отырысы кезінде Қытай "сыртқы сауда және экономика бойынша Қазақстанның ірі әріптесі" деді. Ол Қазақстанның Қытайға экспорттайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға ниетті екенін білдірді. Дегенмен Қытай тарабының бұл ұсынысқа қалай реакция танытқаны әзірге айтылмайды.

Ресми дерек бойынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 12 миллиард долларды құраған. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына 20 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған.

Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай жобаларына қарсы" наразылық акциялары өтті. Оған қатысушылар биліктен елдегі "Қытай зауыттарының жабылуын", Қазақстанның көрші елмен қарым-қатынасын шектеуін талап етті.

7 қыркүйекте Алматыда өткен "Халық құрылтайында" азаматтар президенттен "ресми сапары барысында Қытайдан қарыз алмауды, жаңа жобалар бойынша келісім-шарт жасаспауды" талап етті.

Наразылық акцияларына реакция білдірген қазақстандық билік өкілдері "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалардың ел экономикасы үшін маңызды екенін, қазіргі кезде инвестициясыз алға жылжу мүмкін емесін" айтқан.

Оқи отырыңыз: Мұрат Әуезов: "Қытаймен қатынаста екі жақтың да мүддесін жақсы білу керек"

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған - төртінші, ең көп қарыз беруші үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша алғашқы үштікте Нидерланд, АҚШ және Швейцария тұр. Ұлттық банктің 2018 жылғы есебінше, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы 12 миллиард долларды құрайды. Қазақстаннның Голландияға – 49 млрд доллар, Ұлыбританияға – 21,4 млн доллар, АҚШ-қа 12,3 млрд доллар қарыз.