Шыңжаңда "саяси лагерьге" қамалғандардың туыстары көмек сұрайды

Науатхан Жақып Қытайда саяси лагерьге қамалған ұлынан хабар үзілгенін айтады. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

10 қазанда Алматыдағы "Атажұрт еріктілері" ұйымының кеңсесіне бірнеше адам жиналып, Қытайда қамауда отырған туыстарының тағдырына алаңдайтынын білдірді.

Солардың бірі Науатхан Жақып 2017 жылы "саяси қайта тәрбиелеу лагеріне" қамалған 33 жастағы ұлы Жеңісхан Жаңбырбайдан әлі күнге хабар жоғын айтты. Оның сөзінше, Қытайда отбасымен тұрған ұлы 2017 жылдың қаңтар айына дейін Қазақстанға ықтиярхатпен келіп-кетіп жүрген.

- 2017 жылы қаңтар айында "саяси үйрету лагеріне" әкетті деп естідік. Содан кейін хабар үзіліп қалды. Кейінірек "алты жылға сотталды" деп естідік. Қандай айып тағылғаны белгісіз. Өзі малшы, жуас бала болатын. Келінім мен кішкене немерем сол ауылда тұрады. Үлкен немеремді осы жерде оқытып жатырмын. Кімнен көмек сұрарымызды білмейміз, - деп Науатхан Жақып көзіне жас алды.

"Атажұрт еріктілері" ұйымынан көмек сұрап барған адамдардың бірі Сұлтан Сәулебек Қытайдағы "саяси лагерьге" қамалған 73 жастағы әкесі Сұлтан Ақынұлының денсаулығы мен үйқамақта отырған шешесінің жағдайына алаңдайды. Оның айтуынша, бұрын ауыр операцияға түскен әкесі аяқтан қалып, жағдайы мүлде нашарлаған.

Сұлтан Сәулебек Қытайдағы "саяси лагерьде" отырған 73 жастағы әкесі Сұлтан Ақынұлы және үйқамақта отырған шешесі Гүлсінай Бабақұмардың суретін ұстап отыр. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

- Екі құлағы да естімейді. Туыстарымыздың айтуынша, бұрынғы күйі жоқ, денсаулығы қатты нашарлаған. 2013 жылы Қытайдан ресми түрде қажылыққа барған. Қамалуына сол әсер етті ме екен? - дейді ол.

Оның айтуынша, жергілікті полиция қыркүйек айының соңында үйқамақта отырған шешесімен телефон арқылы сөйлесуге рұқсат берген. Әкесі туралы хабарды туған-туыстарынан да естіген.

Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Ол Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталығында қанша этникалық қазақ қамауда отырып шыққанын ашып айтпады. Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген Қазақстандағы "Атажұрт еріктілері" ұйымы министр сөзін жоққа шығарады.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде қазақтарды "саяси лагерь" аталған қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Ал Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.