"ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталған екі белсендінің бостандығы бір жылға шектелді

Айыпталушы Еркін Қазиевтің қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов сотта сөйлеп тұр. (суретте Қазиевтің қорғаушылары. Оң жақтан: Әсем Түсіпова, Ғалым Нұрпейісов және Еркін Қазиев) Алматы облысы, 14 қазан, 2019 жыл

"Қазақстанда тыйым салынған, тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жұмысына қолдау көрсетті" деп айыпталған белсенділер Еркін Қазиев пен Серік Жахиннің бостандықтары бір жылға шектелді.

Еркін Қазиев ісі Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қаралды. Судья Амангелді Махамбетов шығарған шешім бойынша, Еркін Қазиевке берілген жаза мерзімінің ішіне оның биыл 2 мамырдан бері үйқамақта отырған уақыты енгізілді. Сонымен қатар, оған 100 сағат мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыс істеу міндеттелді. Еркін Қазиев жаза мерзімін өтеу барысында полиция бақылауында - пробацияда болады.

Бұған дейін сот отырысында прокурор Еркін Қазиевті екі жыл бас бостандығын шектеп, қоғамдық жұмысқа тартуды сұраған. Қазиев тағылған айыпты мойындамаған.

Қазиевке "экстремизмге қатысы бар ұйым жұмысына араласты" деген айып бойынша қылмыстық іс биыл наурызда қозғалған. Мамырда Қарасай аудандық соты 53 жастағы Еркін Қазиевті үйқамаққа алу туралы шешім шығарған.

Серік Жахиев ісі Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық сотында қаралды. "Facebook парақшасында тыйым салынған ұйымның ақпараттарын бөлісті" деп айыпталған Серік Жахиннің бостандығы бір жылға шектеліп, пробациялық бақылау белгіленді. Шектеу мерзімі қамауға алынған сәтінен есептелді. Екі жыл бойы әлеуметтік желіге кіруге және митингке қатысуға тыйым салды, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелді.

"ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталған Серік Жахин сотта. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2019 жыл.

Осыған дейінгі сот процесі кезінде прокурор Дамир Тағаев "әлеуметтік желідегі аккаунттарына ҚДТ ақпаратын жариялау арқылы қоғамға аса қауіпті ұйымның идеологиясын қолдайтынын көрсеткен" Серік Жахиннің бостандығын бір жарым жылға шектеп, екі жылға дейін көпшілік алдында сөйлеуге тыйым салуды, әлеуметтік желіде аккаунт ашуға шектеу қоюды және жылына 100 сағат қоғамдық жұмысқа мәжбүрлеп тартуды сұраған.

Серік Жахин жарыссөз кезінде Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайтынын және өзін "экстремист" деп санамайтынын айтқан.2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты қуғындағы бизнесмен Мұхтар Аблязов ұйымтастырған, ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, жұмысына тыйым салған.

Белсенділер Еркін Қазиев пен Серік Жахинге сот үкімі шықты

Your browser doesn’t support HTML5

Сот Еркін Қазиев пен Серік Жахиннің бостандығын бір жылға шектеді