Алматыда вирустан қауіптенген жұрт жаппай азық-түлік сатып ала бастады

Алматыдағы азық-түлік сататын гипермаркеттердің бірінде кезекте тұрған жұрт. 12 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан билігі коронавирустан сақтық шараларын күшейткен тұста Алматы жұрты дүкендерде, супермаркеттерде жаппай азық-түлік сатып алып жатыр. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды. Бұдан бөлек, 12 наурызда әлеуметтік желіде супермаркеттерде ұзын-сонар кезекте тұрған адамдардың видеосы да тарай бастады.

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда тараған Covid-19 коронавирусын пандемия деп жариялаған. 12 наурызда Қазақстан үкіметі мектеп оқушыларын демалысқа ерте шығарып, студенттерді онлайн оқуға көшіріп, мерекелік іс-шара мен ұшақ қатынасына шектеу енгізілетінін хабарлады. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов "Қазақстанда азық-түліктің негізгі 19 түрі бар. Бұл азық-түлік түрлері бойынша жарты жылға дейін елді қамтамасыз ете аламыз. Азық-түлік бақылауда" деп сендірді.

Оқи отырыңыз: Пандемиямен күрес. Қазақстан әуе қатынасын азайтып, көпшілік шараға тыйым салды

Елдегі дәріханаларда маска да тапшы. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде коронавирус жұқтырғандар жоқ. Қазір билік вирус қатты тараған Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Франция, Германия, Испания, АҚШ, Ираннан келгендерді 14 күнге карантинге жатқызып жатыр. Бұдан бөлек, бұл елдерге ұшуға да тыйым салмақ. Қазір Қазақстанда мыңдаған адам карантинде.

Көз сала отырыңыз: Коронавирус жайлы бар ақпарат

Үш ай бұрын Қытайда тарай бастаған COVID-19 коронавирусын қазір 120-ға жуық елде 129 мыңға тарта адам жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 5 мыңға жуықтады. 68 мыңдай науқас аурудан айыққан.