Жетісайда вирустан қайтыс болған адамның жаназасына туғандары қатысқан жоқ

Шымкент қаласы мен Түркістан блокпост. 1 сәуір 2020 жыл.

Түркістан облысы Жетісай қаласының коронавирус жұқтырып қайтыс болған 64 жастағы тұрғыны Жетісай ауданындағы Молдаөлген зиратына жерленді. Бұл туралы Азаттыққа Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов айтты.

Бекзат Сыздықовтың сөзінше, жаназаға марқұмның әйелі мен төрт баласы карантинде жатқандықтан қатыспаған. Имам Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мәйітті көлікпен алдын ала дайындалған табытқа салып, аудан мешітіне алып келгенін айтты.

- Жаназа аудан мешітінің автотұрағында оқылды. Мамандар мүрдені дәрілеп, алдын ала дайындалған табытқа салып, көлікпен алып келді. Табытты көліктен шығаруға рұқсат етпеген соң автотұрақта тұрып, бес метр алыстан жаназасы оқылды. Марқұмның бетін ашқан жоқпыз. Ислам талаптары орындалды. Жаназаға марқұмның он шақты туысының қатысуына рұқсат етілді. Ал жерлеуге тек бекітілген сегіз маман барды. Жерлеуге қатысқан сегіз адам арнайы қорғаныс киімін киген, - дейді аудан имамы.

Ал карантинде жатқан әйелі мен сегіз баласы имамға телефонмен хабарласып, «әкемізді жерлеуге келе алмадық» деп өкінішін білдірген.

Жетісай қаласының тұрғыны коронавирустан 4 сәуір күні таңертең қайтыс болған. Ол Алматы қаласында қонақта болып келген соң дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерге көрінген. Кейін одан коронавирус табылып, 29 наурызда инфекциялық ауруханаға жатқызылған.

Түркістан облысында коронавирус жұқтырған 23 адам анықталды. Олардың 10-ы – Жетісай ауданының тұрғыны. Облыста тұрғындарға макса кию міндеттелген. Үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алу мен жұмысқа баратын кезде шығуға рұқсат етілген. Көлік, автобус, теміржолмен жолаушы тасымалдауға тыйым салынды.

Қазақстанда 531 адамнан коронавирус табылды. 36 адам дерттен айықты. Барлығы бес адам қайтыс болды. Жетісай ауданы тұрғынынан бөлек, 4 сәуірде Ақмола облысында 73 жастағы тұрғыны да коронавирустан қайтыс болғаны анықталған. Оның вирус жұқтырғаны көз жұмған соң белгілі болды.

Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтан ауруханасында 64 жастағы әйел адам қайтыс болған. Одан да вирус өмірден өткен соң табылған. 31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам өмірден өтті. 1 сәуірде Қарағандыда бір науқас көз жұмған. ​